Ағымдағы жылдың 6 қараша күні Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен бастау алған «Музейстар-2019» жобасы аясында «Жастар шығармашылығына» арналған шара өтті. Тарихи-танымдық шараны жобаның кезекті қатысушысы - Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжі ұйымдастырды.
Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжі қолға алған «Жаһанша жолымен» атты тарихи – танымдық экспедициясының алғашқы сапары Жаһанша дүниеге келген тарихи орда Сырым елі мен Алаш съезі өткен Қаратөбеден басталса, осы жылғы сапары қазақ елінің алғашқы астанасы атанған, Алаш зиялыларының табаны тиген, ағартушылық, қоғамдық һәм саяси қызметтерінің көрігі болған тарихи мекен Орынборға бағытталған болатын. Шара барысындажобаны ұйымдастырушы Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің директоры Бахишева Светлана Меңдіғалиқызы, тарих ғылымдарының кандидаты, экспедицияның ғылыми жетекшісі Сүлейменова Дәметкен Досмұханқызы, жоба жетекшісі Нұртас Набиоллаұлы және экспедиция мүшелері өз әсерлерімен бөлісіп, өскелең ұрпаққа тарихтың құндылығын баяндады.
Концерттік бағдарламада Орынбордағы тарихи-мәдени ескерткіштер тарихы және университеттің жетістіктерін баяндайтын бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, облыстық деңгейдегі байқаулардың жүлдегерлері – жас дарындардың өнерлері тамашаланды. Шараға Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің ардагер ұстаздары, студенттері, облыстық музей және бөлім қызметкерлері қатысты. Аталмыш танымдық шара «Білімді жастар – ел болашағы» атты көрмесін тамашалаумен тәмәмдалды.