Мәдениет-әрқашан халық тарихымен тығыз байланысты. Өйткені жалпы мәдениет, соның ішінде ән-күй өнері әрбір халықтың өзімен бірге туып, біте қайнасып келе жатқан көне құбылыс. Сан ғасырлар бойы қазақ-қазақ болып, халық болып қалыптасу жолында мың «өлгенімен», мың бірінші рет қайта «тірілуіне» себеп болған рухани қуаттың қайнары. Атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа аманатталған ауыз әдебиетінің асыл қазынасы, өнері арқылы халқымыздың даналық көзі сақталып қалуда. Оған осы зал жәдігерлері дәлел бола алады. Өйткені Ақ Жайық өңірі қашанда жан дүниені тебіренткен күй мен жырдың, қара сөздің қас шеберлері-ақын-жыршылардың мекені. Ақ Жайық өнерінің қайталанбас шоқтығы биік асылдары: Құрманғазы, Дина, Сейтек, Мұхит, Ғарифолла сияқты қазақ халқының мақтанышына айналған алып өнер иелерінен басталған зал жәдігерлері Сізге Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестр негізінің қалай қалыптасып, дамығандығы туралы баяндайды.
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра»-деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай қазақтың атын шығарар бірден-бір аспап домбыра. Оның үні мен сарынында тарихтың талай сыры мен мұңы, қуанышы мен қасіреті, аққан қаны мен жаны жатыр. Өлкеміздің атақты күйшісі Қали Жантілеуовтың 40жыл бойы көзінің қарашығындай сақтаған домбырасын да осы залдан көре аласыз.Күйшінің шәкірті, Қазақстанның Халық Әртісі Тұяқберді Шәмілов, скрипка сүлейі атанған Марат Бисенғалиев туралы да мол мағлұматтар алып, таныса аласыз.
Сіз елімізге танымал Тайыр Жароков, Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі сияқты атақты қаламгерлердің ұстаған заттарын, пайдаланған бұйымдарын көзіңізбен көріп, олардың шығармаларынан нәр аласыз.
Сахна саңлақтары Хадиша Бөкеева, Роза Жаманованың, Ақ Жайықтың Ақ Шағаласы атанған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның киген киімдерін тамашалап, олар туралы сырлы әңгіме тыңдай аласыз.
Сонымен қатар зал жәдігерлері Сізге өлкемізден шыққан ғалымдар, білім ордалары туралы да мол мәлімет береді.