Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

Қазақстанның көне музейлерінің бірі - Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі 1836 жылы құрылды. Музей орналасқан ғимарат 1879 жылы мавритан стилінде салынған сәулет ескерткіші болып табылады. Бүгінгі таңда Орал қаласы мен облыс аудандарында музейдің филиалдар халыққа қызмет көрсетуде. Олар:

  • қаланың көне тарихынан мәлімет беретін Е.Пугачев музей-үйі;
  • суретші С.Ғұмаров музейі;
  • орыс әдебиетінің классигі А.С.Пушкин музейі;
  • Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейі;
  • Табиғат және экология музейі;
  • Сырым Датұлы атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейі (Сырым ауданы);
  • Мұхит Мералиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейі (Қаратөбе ауданы);
  • Дина Нұрпейсова атындағы өнер музейі (Жаңақала ауданы);
  • Көктерек ауылдық тарихи-өлкетану музейі (Казталовка ауданы);
  • Ақпәтер ауылдық тарихи-өлкетану музейі (Казталовка ауданы).

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

 

Облыстық тарихи-өлкетану экспозициялық залдары: археология; ортағасырлық Алтын Орда кезені және Жайық қалашығының пайда болуы; Кіші жүз тарихы; Бөкей Ордасы тарихы; Кеңестік дәуір кезеңінің тарихы; Батыс Қазақстан облысының білім мен ғылым, өнер мен мәдениет салаларының даму тарихы; этнография; Қазақстан Республикасының тәуелсіздік тарихы.

Палеолит және қола дәуірінің жәдігерлері арасынан ерекше көзге түсетіні ерте қола дәуіріндегі андронов мәдениетінің ескерткіштері: тас құралдар, қола балталар, қыш ыдыстар және басқа да тұрмыстық заттары.

Батыс Қазақстан облысы көлемінде қоныс тепкен сармат-савромат тайпаларының (б.д.д.V-VIII ғғ.) тарихына қатысты жәдігерлері ерекше қызықтырады. Олар: күміс фаларлар, күміс түтік, алтын зергерлік бұйымдар, тұрмыстық заттар, ер-тұрманның қосалқы заттары, қару-жарақтар және т.б.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

Алтын Орданың құрылуы сауда, халықаралық қатынастардың дамуын, орталықтанған билік идеясының өріс алуын қамтамасыз ететін біртұтас саяси жүйенің қалыптасуына себепші болды.

Еліміз егемендік алғанынан бері облысымыздың ең ірі ғылыми жаңалығы болған – Орал қаласынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан XIII-XIV ғғ. іргетасы қаланған «Жайық» қалашығының ашылуы. Қала орнынан табылған тұрмыстық, құрылыс заттары, нумизматиканың үлгілері көрермен назарына тарихи дәйек ретінде ұсынылған.

Біздің жыл санауымыздың ҮІІ ғ басында қалыптасқан ислам діні туралы да мәлімет алып, ислам дінінің ең негізгі қасиетті «Құран» кітабын көресіз.

Кіші жүз зал экспозициясында Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасу тарихы баяндалады. Сізге қазақтың үш жүзінің тарихымен бірге Кіші жүздің шежіресі тарқатылады. Үлкен сұранысқа ие болған, атақты Кузнецов фарфор зауытының түпнұсқалық заттарын және қала тұрғындарының тұрмыстық заттарын да көресіз.

Бөкей хандығының тарихы залының экспозициясы арқылы Бөкей Ордасының соңғы ханы Жәңгір билік құрған кездегі дала реформаторының: қазақ халқын отырықшылық тұрмысқа көшіру, Орда қаласының негізін салу, қазақ даласында қазақ балалары үшін алғашқы мектепті ашу, саудалық қарым-қатынастарды орнықтыру сияқты игілікті істерімен танысасыз. Бөкей Ордасы әйгілі ағартушы, ғалым, өнер қайраткерлерінң кіндік қаны тамған киелі мекен. Бөкей топырағында дүниеге келіп, есімдері алты алашқа белгілі болған Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Дина Нұрпейісова, Сейтек Оразалыұлы және т.б. өнер тарландары туралы тың деректермен танысасыз.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

Кіші жүз тарихы залында Қазақ хандығының XVIII ғасырдың басындағы ішкі және сыртқы жағдайымен таныстырып, «Аңырақай шайқасы» картинасы қазақ халқының Жоңғар хандығына қарсы күресін суреттейді.

1783-1797жж. Сырым Датұлы және 1839-1838жж. Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық күресі туралы да тереңірек мәліметтерді мұрағаттық құжаттар арқылы білетін боласыз.

Кеңестік кезең зал экспозициясынан Сіз ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басынан бастау алатын қазақ зиялыларының Ресейдің отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған Алаш қозғалысымен, Алаш партиясының, Алаш Орда үкіметінің құрылуына негіз болғанына мұрағаттық құжаттар арқылы куә боласыз. Жаһанша және Халел Досмұхамедовтар, М.Ниязов, Б.Юсупкалиев және т.б. алаш зиялыларының саяси-қоғамдық, ғұмырнамалық жолдарымен таныса аласыз. 70жыл дәурен құрған Кеңестік кезеңнің ерекше тарихи оқиғалар тізбегі Сіздің көз алдыңыздан зал жәдігерлері арқылы өтеді.

1937-38 жж. саяси қуғын-сүргін құрбандарының фотосуреттері, құжаттары, жеке заттары көрермен назарына ұсынылып отыр. Батыс Қазақстан облысы бойынша соттан тыс органдарының «ерекше» мәжілістерінің шешімдерімен 4000 адам сотталған.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

 

1941-1945жж. Ұлы Отан соғысы жылдарына арналған экспозицияда майданға біздің өңірден қатысқан жауынгерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің суреттері, хаттары, майдан даласында тұтынған заттары қойылған.

Елімізге танымал Тайыр Жароков, Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі сияқты атақты қаламгерлердің ұстаған заттарын, пайдаланған бұйымдарын көзіңізбен көріп, олардың шығармаларынан нәр аласыз.

Сахна саңлақтары Хадиша Бөкеева, Роза Жаманованың, Ақ Жайықтың Ақ Шағаласы атанған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның сахналық киімдерін тамашалап, олар туралы сырлы әңгіме тыңдай аласыз. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің тарихы мен Жайық өңірінде дара туған әнші, сазгер Ғ.Құрманғалиев, Е.Хасанғалиев сынды өнер иелерінің өмірі мен шығармашылық жолы туралы толық мәлімет аласыз.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі
  • Музей директоры – Ерсаев Мирболат Бижанұлы.
  • Облыстық тарихи-өлкетану музейі қор, экспозиция және көрмені жабдықтау және үгіт-насихат және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімдерінен тұрады.
  • Бас қор сақтаушысы - Мурзагалиева Мария Қожақызы.
  • Қор бөлімінің (3) меңгерушісі – Бакитовава Гүлзада Бақтыбайқызы.
  • Экспозиция және көрмені жабдықтау бөлімінің (3) меңгерушісі - Мұханбетова Гүлзия Нағымқызы.
  • Көпшілікпен жұмыс және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің (3) меңгерушісі - .
  • Ғылыми әдістемелік бөлімінің меңгерушісі - Уразова Іңкәр Серікқызы.
  • Мекен - жайы: Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық даңғылы, 184
  • Тел: 8 (7112) 51 19 52, 50 65 28, 50 87 77.
  • Тел/факс: 8 (7112) 50 51 65.
  • Еmail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Жемчужина қоры

Билет сату

Мұрағат

April 2024
Mo Tu We Th Fr Sa Su
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 1 2 3 4 5

Жол жүру сұлбасы

Әлеуметтік желілер

       

Copyright © 2011-2019. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі