2019 жылдың 5 маусым күні сағат 15:00-де Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ҚР Мемлекеттік нышандары күніне орай «Рәміздер - елдігімнің белгісі» атты музей сағаты өтті.
Шара Елтаңба, Ту, Әнұран туралы түсініктерін нығайту, рәміздердің пайда болуы мен тарихтағы маңызы жайлы түсініктерін дамыту, Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеп, құрметтеуге, халқының тегін, тарихын білу мақсатында ұйымдастырылды. Мемлекттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлектіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі.
Мемлекеттік рәміздер - халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтап тұр. 1992 жылғы 4 маусым күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді - бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Биыл Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жалауы туралы», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдар күшіне енгеніне 27 жыл толып отыр. Мемлекеттік рәміздер - мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады. Көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын жаңа тәуелсіз Мемлекет бейнесін паш етті. 1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту бекітілді.
Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі болып табылады. 2006 жылғы қаңтардың 6-сында Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының жаңа әнұраны болып бекітілді. Мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық заңда «ҚР азаматтары, сондай-ақ республика аумағындағы тұлғалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тиіс» деп белгіленген.
Шараға жазғы демалыс лагерь тәрбиеленушілері, музей қызметкерлері қатысты.