Ағымдағы жылдың 14 мамыр күні сағат 15:00 –де Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Музейстар-2019» жобасының кезекті қатысушысы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Білімді жастар-ел болашағы» атты көрмесінің жалғасы ретінде «Жастар шығармашылығына» арналған шарасы оздырылды. Концерттік бағдарлама барысында қала тарихына және университеттің тарихы мен жетістіктерін баяндайтын бейнеролик көрсетіліп, сонымен қатар халықаралық және облыстық деңгейдегі өнер жолында жүлделі орын алып жүрген жас дарындардың орындаулары тамашаланды. Шараның алғы сөзі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор А.Сұлтановқа берілді. Келесі сөз кезегі Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Ерсаевқа ұсынылды.
Концерттік бағдарлама барысында «домбыра» үйірмесінің жетекшісі Т.Мауленов «Алтын ұя» күйі, 1 курс студенті С.Өмірқұловтың орындауында «Мен қазақпын» әні , «Еркенұр» би ансамблінің қазақ биі көрермен назарына ұсынылды.
Шараға Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ардагер ұстаздары, профессорлары, студенттері, оқытушылары және облыстық музей және бөлім қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.