Ағымдағы жылдың 16-сәуір сағат 11.00-де Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясындағы Жастар жылына арналған «Музейстар-2019» атты жобасының кезекті қатысушысы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Білімді жастар – ел болашағы» көрмесінің ашылу салтанаты ұйымдастырылды.
Жобаның ашылу салтанатына, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғ.Абдоллаұлы, БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының уақытша міндетін атқарушы А.Сырымқожақызы, Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдердің туризм және экология орталығының бөлім басшысы Р. Сагиналиевна, жобаға қатысушы жоғары оқу орны ректоры мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің оқытушылары мен студенттері, музей қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Жоба мақсаты: Өңірімізде жастарға білім беретін оқу орындарын көпшілік назарына ұсыну арқылы Ақ Жайықтың таңдаулы жоғары және орта оқу орындарын халыққа таныстыру, жастардың бойына өлкенің рухани және мәдени мұрасына қызығушылықтарын арттыру, жастардың білімге, өнерге, тарихқа қызығушылықтарын ояту, жастардың рухани дамып, өсуіне музейдің өзіндік үлесін қосу.