Қыркүйек айында Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің қолдауымен, БҚО мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында қазақ халқының классик-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Жаһандану әлемі және Құрманғазы Сағырбайұлының мәңгілік мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияда ғалымдар тарапынан күй атасының қайталанбас бітім-болмысы, күй өнері, ұлттық музыкалық мәдениет тарихындағы өнер иесінің шығармашылығы, тарихи тұлға ретінде зерттелу мәселелері талқыланды. Конференцияның пленарлық жұмысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, күйші-домбырашы, ұстаз, фольклортанушы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтаған, ҚР еңбегі сіңген қайраткері, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның профессоры, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының халық музыкасы бөлімінің деканы, өнертану кандидаты Карима Сахарбаева, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс, өлкетанушы, мәдениет саласының ардагері Жайсаң Ақбай, педагогика ғылымдарының докторы, академик, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ профессоры Махамбет Ержанов, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың мәдениет және өнер факультетінің деканы, педогогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев, өнертанушылар, өлкетанушылар, тарихшылар, мәдениет саласының ардагерлері, музей қызметкерлері, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.Конференция БҚО әкімі Алтай Көлгіновтың алғы сөзімен ашылды. Өз сөзінде облыс әкімі Алтай Сейдірұлы өнерімен, өр мінезімен ұлтының ұйытқысы бола білген Құрманғазы Сағырбайұлының есімін ұлықтау жолында облысымыздағы жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Орал қаласында даланың дархандығын бойына жиған құдіретті күйшіге арналған ескерткіш тұрғызылып, көшеге есімі берілгенін, күй атасы атанған Құрманғазы бабамыздың ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан 200 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» атты арнайы жасақталған экспедицияның Орал қаласынан шығып, РФ Астрахань облысы, Володар ауданындағы Алтынжар ауылында жерленген күйшінің басына тəу ету мақсатында оның ізі қалған жерлерге арнайы барып, зерттеу жүргізгендігі туралы да айтып өтті. Құттықтау сөз өлкетанушы Жайсаң Ақбай мен күйші-домбырашы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері А.Тоқтағанға ұсынылды. Конференцияның секциялық жұмысында ғалымдар, өнертанушылар мен өлкетанушылар Құрманғазы бабамыздың күйлерін зерттеу жұмыстарымен таныстырылды. Алғаш болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның профессоры, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының халық музыкасы бөлімінің деканы, өнертану кандидаты Карима Сахарбаева «Күй өнері ұлыларының бірегейі – күй атасы Құрманғазы» атты баяндамасымен секциялық жұмысты бастады. Педагогика ғылымдарының докторы, академик, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ профессоры «Құрманғазы – ұлттық күй өнерінің рухани қазынасы» , М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ мәдениет және өнер факультетінің деканы, п.ғ.д., профессор А.Қыдыршаев «Құрманғазытану: ұлттық мәдениет, күйшілік құдірет және зерде сүзгісінің бастаулары», өлкетанушы Тыныштық Өтешқалиев «Құрманғазы бабамыздың жаңғыруы» тақырыбындағы баянадмаларын қатысты. Конференцияның секциялық жұмысы М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ доценті, өнертану кандидаты А.Ерғалиеваның «Құрманғазы шығармашылығындағы мәңгілік тақырып» атты баяндамасымен тыңдалды. Сохранить