• KAZ
  • RUS

Құрметті тыңдарман!

Біз Сізді бүгін өзіңіз тұрып жатқан Орал қаласының тарихи беттерімен таныстырғымыз келеді.Ол үшін сізді Батыс Қазақстан облыстық тарихи - өлкетану музейінде қала күні қарсаңында ашылған «Тарихи Орал» атты көрмеге ойша саяхат жасауға шақырамыз.

Тарихқа шегініс жасасақ, мыңдаған жылдар бұрын қазіргі Батыс Қазақстан облысының орнында теңіз толқындары жағаға ұрып жатқан. Бірте келе, теңіз оңтүстікке қарай кетіп, оның орнында кішкене көлдер мен өзендерден құралған ұлы өзен пайда болды. Халық оны АқЖайық деп атандырған. Бұл өзеннің жағалауында скифтер, готтар, ғұндар, аварлар, хазарлар, печенегтер, яғни біздің ата-бабаларымыз өмір сүрген. Тарихи деректерге сүйенсек, ХІІІ-ХҮ ғасырларда бұл өлкенің Алтын Ордаға қарағаны белгілі. Алтын Орданың сауда-саттық әрі мәдени орталығы болған Сарайшық та осынау ұлы өзен бойында орналасқан. Сонымен қатар Жайық өзенінің жағалауында Шакафани деген қаланың орналасқаны туралы 1562 жылы ағылшын көпесі Дженкинсонның картасында белгіленген.

ХҮІІ ғасырдың бірінші ширегінде халықтың бірте-бірте отырықшылыққа көшуі Батыс Қазақстан өңірінде қала құрылысының өркендеуіне бастама болды. Оған қосымша Ресей өзінің отарлық саясатын іске асыру мақсатында Қазақстанда әскери тірек пункттер ретінде қала-қамалдар сала бастайды. Міне, шамамен, осы кезеңнен бастап Орал қаласы да белгілі бола бастады. Қаланың аты әлденеше рет өзгерді. 1775 жылға дейінгі қазіргі Орал деп жүрген қаламыздың Жайық қалашығы аталып келгені тарихтан белгілі.

Бірақ Жайық қалашығы пайда болғанға дейін бұл жерлерде елді мекендердің болғанын бүгінде облыс территориясында жүргізіліп жатқан архелогиялық қазба жұмыстары дәлелдеп отыр.

2001 жылы Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы мен Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының басшылығымен Орал қаласының солтүстігінде архелогиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Ысқырық тауының етегінде, Круглоозерное ауылының солтүстік аймағында Жайық өзенінің төменгі ағысында орналасқан ортағасырлық қаланың орны табылды.Сөйтіп 2001-2002жылдан бастап Жайық қалашығының зерттелуі басталды. Бұл қалашықтың топографиясы айрықша назар аудартады: ол Жайық аңғарының дөнесінде,екі жағынан құлама жар қоршаған терең ордың табанында орналасқан. Жайық қалашығындағы негізгі құрылыс ғимараттары: кірпіш күйдіргіш пеш, шығыс, моншасы-хаммам, ұрғын үйлері, мазарлар, кесенелер, құлпытастар.

Үйдің ғимараты бір-бірінен қалың қабырғамен (0,8 м) бөлінген екі ұқсас құрылыстан тұрады. Құрылыстар төртбұрышты немесе шеңберді кірпіштен тұрғызылған. Бөлмелер таңдырдан тұталатын пештермен жылытылған.

Мұнда табылған заттар: металдан жасалған заттардың сынықтары, құймалы плиткалары, моншақ, былғарының қалдықтары жануарлар сүйектері балық қылқаны, Өзбек хан тұсында соғылған тиындар. Міне, мұның өзі Жайық қалашығының орнында бұрын да өркениетті қалашық болғанын дәлелдейтін нақты деректер. Әрі Дженкинсонның картасындағы Жайық өзенінің оң жақ бетінде көрсетілген Шакафани қаласы болуы да мүмкін деген болжам бар.

Жайық - ежелгі түрік сөзі, мағынасы «жайлы орын» деген ұғымды береді. Бұл жердің ежелден ерекше жайлылығын ХҮІІІ ғасырдың басында өмір сүрген кіші жүздің ханы Әбілқайырдың : «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақырзаман келгенше қазақ халқы бұл жерден айырылмайды. Өйткені мұндай жайлы жерді олар еш жерден таппайды»-деген мәлімдемесінен де ұғуға болады.

Жайық жағасына салынып, Мәскеу мемлекеті мен Орта Азия хандықтары арасындағы аса маңызды керуен жолының бойында орналасқан бұл қала халық арасында Теке деген атаумен белгілі болған. Қаланың «Теке» аталуының себебін зерттеуші-ғалым Мақсат Тәж-Мұрат « тәкие» деген атауымен байланыстырады.

«Тәкие» деген ұғым ел кезген дәуріштер аялдайтын үй дегенді білдіреді. Міне, қазіргі Аймақты мекендейтін байбақты руының бір тармағының да әлтеке(әл-тәкие) аталуы да ғалым жорамалын растай түседі.

Үш жағынан Орал, Деркөл, Шаған өзендері арқылы сумен қоршалған қалада үйлер негізінен ағаштан салынып, қалашық екі өзеннің бойында жарты ай секілді орналасқан. Қаланың шетіне терең ор қазылып, қалаға бөгде адам келе жатса, ордың үстіне от жағылып белгі берілетін болған. Оралда әлі күнге дейін «Курень» (ежелгі түрікше «қос», «елді мекен») деп аталатын аумақ бар.Міне, қала тура осы жерден, Жайық өзенінің жағасына орналасқан Михаил-Архангельск ғибадатханасынан басталған. Орал қаласының Курени деп аталатын көне бөлігінде орналасқан бұл ең көне ғимарат- Михайл-Архангел ғибадатханасы қаланың көне ескерткіші боп саналады.Ол 1740жылы салынған. Сыртқы бейнесі Москвадағы Успенск шіркеуінің архитектурасына ұқсас етіп салынған. Осы ғибадатхана алдында үлкен жиындар өткізіліп, шерулер болып тұрған.

Қаланың тірегі қазіргі Достық деп аталатын «Большая Михайловская» көшесі болды, көшенің екі қапталына неғұрлым ірі де маңызды қоғамдық ғимараттар, сауда орындары, шіркеулер мен ғибадатханалар, ең тәуір тұрғын жәйлар салынды. Михайловская көшесінің негізгі орны қазір де сақталып қалған, ол оңтүстіктен солтүстікке дейін бүкіл қаланы қиып өтеді. Тарихи деректер бойынша Михайлов көшесі былайша сипатталады: «Оның батыс жағы «барқыт» деп аталып, ол көпестер мен діни адамдардың жүріп-тұруына арналған, ал қарапайым адамдарға оның шығыс жағы «сиса» бетімен жүруге рұқсат етілген.». Қаланың өсу сатысын осы көшеге қарап байқауға болады. Әйтседе қала өрт зардабына жиі ұшыраған. Сондықтан қаланың ауқатты адамдары арнайы мәскеулік, италяндық архитекторларды шақырып, үйлерін тастан тұрғыза бастаған.

Сөйтіп,қала өскен сайын жаңа алаңдар пайда болған. Қаланың нақ ортасында Түркістан алаңы болған. Мұнда қалаға келуші қонақтарды қарсы алу үшін «Триумфальная арка» немесе «Салтанат қақпасы» тұрғызылған. Жергілікті халық оны «Қызыл қақпа» деп атаған. Әрі осы жерге жақын Қырғыз балаларына арналған мектеп салынған. Ауласы алаңға дейін созылған бұл мектепте ер балалар негізінен қолөнерге үйретілген.

ХІХ-ХХғ басында қалада сауда дамыған. Қаланың екінші бір үлкен алаңы Казань алаңы деп аталған. Мұнда атақты ағайынды Ванюшиндер үйі орналасып, Коммерциялық клуб жұмыс жасаған. Үйдің қақ алдында татар слободасы басталып, қаланың екінші үлкен базары жұмыс жасаған. Базарға жақын жерде Керуен сарай орналасқан. Мұнда ауылдан келген адамдар тоқтайтын болған. Бұл керуен сарайы қазіргі педагогикалық инститттың мұғалімдері тұратын үйдің орнында орналасқан . Музей қорындағы 1914 жылғы «Уральский листок» газетінде Орал қаласындағы Шетельдің кондиттерлік фабрикасының өнімдері сатылғаны аталған.

ХІХ ғ. басында Орал қаласы орыс интеллигенциясының назарын өзіне бұра бастайды. Әуелі орыс география қоғамын ұйымдастырушы А.Левшин келсе, оның еңбегімен танысқаннан кейін, 1773-1775 ж.ж. шаруалар көтерілісі болған жерлерді өз көзімен көру үшін А.С.Пушкин 1833 жылдың 19 қыркүйегінде Оралға келіп түседі де, атамандар үйінде тоқтайды.

Бұл ғимарат 1825 жылы әскери архитектор М. Дильмединоның италияның «палаццо» стилінде салынған. 1830 жылдарға дейін атаман Д.М. Бородиннің меншігінде болған. Атаман Д. Бородин қайтыс болған соң оның мұрагерлері әскери қазынаға сатқан. Осы үйде Орал қаласына келген ең құрметті қонақтарды қабылданып, құрметтелген.

177 жыл бұрын алтын күзде орыс ақыны біздің қалаға келгенде оның жолбасшысы, соңынан ғалым, әрі жазушы ретінде аты шыққан В.Даль болған. Оралдың көшелерімен танысқан Пушкин тек қана Пугачев көтерілісін зерттеп қоймай, жергілікті халықтың ауыз әдебиетімен де танысып, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын өзімен бірге астанаға ала кеткен.

Қалалықтар Орал шаһарының өсіп-өркендеуіне еңбектерін арнаған есімдерді әрқашан мақтан тұтады.Әсіресе қала құрылысының қызу қарқынмен дамуы XX ғасырдың 70-80 жылдарына келді десек, осы істе басшылық жасап, Орал қаласында өзіндік із қалдырған тұлға Мұстақым Ихсанов есімін ерекше атауға болады. Бүгінде бұл кісінің есімімен қаламызда көше, мектеп аталған.

Бүгінгі күнде Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі болып саналатын Оралдың тарихи мұрасын сақтап қалу үшін көптеген игілікті істер жүзеге асырылуда. Қазіргі келбетіне сән беріп тұрған ғимараттар да баршылық. Сонымен қатар қазақтың тарихи тұлғалары батыр, қолбасшы С.Датұлына, ақын Ж.Молдағалиевке ескерткіштер қойылып, жаңа үлгідегі әуе және темір жол бекеттері салынған. Жаңадан7,8,9 шағын аудандары құрылып, жастар үй алу мүмкіндігіне ие болды. Ендеше шежіресі терең, тарихи тұлғалары мол сүйікті қаламыздың көркейе беруіне өз үлесімізді қосып, оны қадірлей білейік!

Орындаған :

Кіші ғылыми қызметкері Хангереева З.С

Жемчужины фонда

Продажа билетов

Архив

Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
28 29 30 31 1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 1

Схема проезда

Социальные сети

       

Copyright © 2011-2019. Западно-Казахстанский областной историко-краеведческий музей