Get Adobe Flash player

Главное меню

  • Домашняя страница
  • История музея
  • Законодательство
  • 3D галерея
  • Фотогалерея
  • Виртуальный тур
  • Видеогалерея
  • Карта проезда
  • Гостевая книга
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің
директоры Ә.Т. Жоламанов

 

Тайыр Жароков пен Хамза Есенжанов шығармаларының өлке тарихындағы іздері (Облыстық тарихи - өлкетану музейі экспонаттарына шолу)

Бүгінгі орта, заман, қоғам бір басқа, бірақ біздің әрқашан өзіміздің түп тарихымызды, тамырымызды, ұлттық құндылықтарымыздың бастауын, сонымен қатар оларды сақтауға, дамытуға зор үлес қосқан аға буын өкілдерін ұмытпауымыз керек екендігі - бұл ешбір дау туғызбайтын аксиома. Осы бағытта өткен тарихымыз бен қазіргі кезімізді екшелеп, материалдық және рухани байлығымызды жинақтап, зерделеп, келесі ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, олардың тарихи танымдары мен эстетикалық талғамдарының қалыптасуларында музей мекемесінің алатын орны ерекше екендігі хақ. Қазақ рухани әлеміне небір өнер мен әдебиет дүлдүлдерін сыйлаған киелі Ақ Жайық өңірінің, қасиетті Нарын құмының қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Хамза Есенжанов пен Тайыр Жароковтың өмірі мен шығармашылықтарында ерекше орын алатыны сөзсіз. Мәдениетті – қоғамның өмір сүруінің қозғаушы күші деп санайтын біздің музей мекемесі өмірбаяндары облыс тарихымен бірге өрілген саңлақ ақын – жазушылардың өмір және шығармашылық жолдарына қатысты жәдігерлерді жиыстыруды өздерінің басты міндеттерінің бірегейі санайды. Өйткені ақынды, жазушыны тану арқылы біз рух және руханияттың тылсым сырына үңілмекпіз. Олардың тілі – бір ұлттікі болғанымен, жазғандары, көкейдегілері – адамзаттікі. Кейінгі буын өкілдерінің адамзаттық биікке шығуларында, одан үйренулерінде осы арыстарымыздың өмір жолдарын бейнелейтін жәдігерлер сәл де болса себеп болса, бұл музей орындарының көкірегі ояу азаматты тәрбиелеуге қосқан тамшыдай болса да үлесі деп білеміз. Осы жерде қазақтың талантты ақын ұлдарының бірі, бұл өмірден ерте баз кешкен, отыз алты жыл ғұмыр жасаған (1948-1984) Сағат Әбдуғалиевтің “Хамза Есенжанов” атты өлеңіндегі зұлмат жылдардың құрбаны болған қаламгердің бұралаңға толы өмір соқпақтарын айта келе, “Жампоздарды жаратқанда нар етіп, Жасық итке тумысынан тар етік”  “Ақ қарындай өзің басқан Сібірдің,  Шашыңыз да ерте кетті ағарып” “Залалы ащы зауалдардың зәуінде,  Аға сені отырамын үлгі етіп” деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады.  Бұған біздің облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақтаулы тұрған жәдігерлер, тарихи-танымдық құжаттар куә бола алады. Облыстық мәдениет басқармасының ұсынысымен музей қызметкерлері түйірлеп болса да, Хамза Есенжанов пен Тайыр Жароков туралы мағлұматтар жиып, мұражайға жәдігерлер жинаумен айналысуда. Айта кетуіміз керек, бүгінгі таңда музей қорында жинақталған асыл ағаларымыздан қалған көз - жәдігерлер бұл тек биылғы жылдың ғана еншісінде емес. Ардақты жандарға қатысты, олардың өмір кезеңдері мен шығармашылық жолдарын бейнелейтін, оларға куә болатын жәдігерлерді облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына жиыстыру өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастау алады. Сонау 1977,1978 жылдары ақын Тайыр Жароковтың жары Мунира апамыз тапсырған:  Жазу үстелі құралдары Мәрмәрден жасалған сия сауыт Ақынның Сувенир қаламы, Кестелі тақиясы, Барқыт шапаны,  Ақынның таңдамалы шығармалар жинақтары, Ақынның үні жазылған граммпластинкалар сынды заттары, Сол кездегі жергілікті фотографтардан алынған Орал қаласына Тайыр Жароковтың 70 жылдық салтанатына келген кездегі ақын жанұясының фотосуреттері негізінде;  1974 жылы Хамза Есенжановтың музей қорына өз қолымен тапсырған Автобиографиялық анықтама «Ақ Жайық» кітабы Фотолары негізінде Жазушының ұлы Алихан Есенжановтың 1998 жылы тапсырған Хамзакеңнің костюмы, қаракөл қалпақтары сынды жеке заттары негізінде асыл ағаларымыздың біздің музейдегі жәдігерлері қорының іргетастары қаланды. Биылғы жыл Хамза Есенжанов пен Тайыр Жароковтың қорларын толықтыруда жемісті жыл болды. Облыстық мәдениет басқармасының тікелей тапсырмасына сай қос қаламгердің 100 жылдық мерейтойлары қарсаңында олардың қорларын толықтыру мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына ағаларымыздан қалған баға жетпес мұраларды әкеле алуға қол жеткіздік. Ең басты жетістігіміз Хамза Есенжановтың жұмыс кабинеті мен жеке кітапханасы және біздің биыл қол жеткізген Сағынғали Сейітовтың жеке қоры арасынан шыққан Тайыр Жароков туралы заңғар замандастарының машинкаға басылған естелік жазбалары (машинопись) бүгінгі күні біздің баға жетпес жаухарларымызға айналды. Бұлардан басқа жазушы ағаларымыздың, олардың отбасы мүшелерінің өмірлерінің әрбір кезеңдерін бейнелейтін жеке мүліктері, ресми құжаттары, алған кәде сый-сияпаттары да біздің музей тұлғасында мемлекет қарауына алынды. Осы жәдігерлердің бір бөлігін құрайтын киімдер тобына (Хамза Есенжановтың қаракөл қалпағы, макинтошы, София апамыздың жеке бұйымдары, Тайыр Жароковтың кестеленген тақиясы) қарап отырып, қаламгерлердің өздерінің және олардың жұбайларының өз кездерінде киім кию мәнеріне тектілікпен зор мән бергендіктері байқалады. Биыл әкелінген жәдігерлер арасындағы еріксіз өзіне назарын аударатын заттардың бірі - бұл Софья апаның ұлы Әлиханға өз қолымен тіккен күртешесі. Бұл заттың ерекшелігі - киім Сібірде түрме адамдары киетін материалдан тігілгендігінде. Кіп-кішкене ғана бұйым. Ал қанша сырды өзіне бүгіп жатыр десеңші!!   «Сандуғаштың сайрау үшін, сұңқардың самғау үшін жаратылатыны сияқты, Тайыр поэзия үшін туған адам еді», - деп, ақын Тайыр Жароковтың өлеңмен өрнектелген шығармашылығына әділ баға берген Сағынғали Сейітовтің әулетінен биыл музей қорына ақынның да жеке қоры алынды. Осы жеке қор екшеленіп, зерделену кезеңінде құжаттар арасынан Сағынғали Сейітов жинақтаған Тайыр Жароков туралы заңғар замандастарының машинкаға басылған естелік жазбаларының (машинопись) жинағы табылды. Бұл жазбалар баспа өнімі болып шықпаған, оқырман қауымға беймәлім дүниелер. Яғни авторлар Алексей Брагин "Друг мой Тайр", Дихан Әбілев "Жайсаң жан, жалын ақын", Әбу Сәрсенбаев "Аңызды адам", Мұхаметжан Қаратаев "Тайырмен тізе қосқан шақтар", Әди Шәріпов "Адамгершілігіне ақындығына сай еді", Тұманбай Молдағалиев "Жан еді-ау жайсаң сол ақын" атты естелік жазбаларын топастырып, жинақ қылып шығару алдағы күннің міндеті деп білеміз. Жинақтарда авторлардың түзетулер жасаған жазбалары, қолған қолдары сол күйінде тұр. Қазіргі таңда деректемелердің барлығы тиянақты зерттеліп, олардың мұражайға экспозиция ретінде орын алуына мүмкіндік жасалуда. Мұражай қызметкерлерінің тынымсыз еңбектері арқасында қазақ әдебиетінің қос қаламгерінің бізге беймәлім немесе оның өміріндегі көлеңке қалған тұстарын бейнелейтін нақты артедеректер зерделеніп, оның бүгінгі ұрпақпен қауышуына мүмкіндік туды. Айта кетерлік бір жайт, қаламгерлердің киімдері, заттары мен құжаттарын ұқыпты жинап, аялап, осы күнге жеткізе білген, олардың ұрпақтарының, яғни бүгінгі Есенжановтар мен Жароковтардың еңбектері ерекше мәнге ие. Сөзіміздің дәлелі, Хамза Есенжанов 1920-1927 жылдары Жымпитыда жеті жылдық мектепте оқығаны бәрімізге мәлім. Сол кезеңнің тамшысындай ғана дерегі бала Хамзаның «Мектеп оқушысы билетінің» \билет школьника\ біздің қолымызға тиюі. Бұл жәдігерлер музей қонақтарына, зерттеушілерге әдебиет алыптарының аяулы шын мәніндегі бейнесін бізге жақын әрі түсінікті етіп көрсетуде мол септігін тигізбек. Хамза Есенжанов әулетінен алынған 390 экспонаттың ішіндегі жазушыға ол өте жақын қарым-қатынаста болған академик Қажым Жұмалиевтың өткен ғасырдың 60 жылы сыйға тартқан домбырасы да өз алдына бір әңгіме. Ғасырдың қос перзенттеріне арналған музей экспозициясы олардың туған жерлерін бейнелеу материалдарынан бастау алып, олардың өмірі мен шығармашылығы жайлы сыр шертететін бірегей фотосуреттер, кітапханалары, қалың қауымға онша белгілі емес құжаттар, мұрағаттық материалдардың фотокөшірмесі, және олардың отбасыларының жеке заттары, алған сый сияпаттары секілді заттар мен олардың шығармаларындағы кейіпкерлердің прототиптері туралы мол экспонаттарды қамтиды. Мұражайдағы қаламгерлердің алған жоғары үкіметтік наградалары – бұл тарихи құндылық және антиквариат болып саналады.  Олардың әрбір тұтынған заттары бұл ғажап адамдардың сұлу да көркем, мағыналы өмірінен хабар береді. Күзгі, қысқы пальтолары, макинтош, плащтары, қолға ұстар өрнектелген таяқтары мен шапан, тақиялары – барлығы да, құдды бір кеше шешіп қойғандай ұқыпты күйінде жинаулы. Осы бір мерейтойға орай музей қызметкерлерінің күшімен Тайыр Жароковқа арналған «Замана жыршысы», Хамза Есенжановқа арналған «Ғасыр перзенті» атты шағын кітапшалар жарық көрді. Ендігі біздің алдымызда білім ордаларымен бірлесіп, халқымыздың ардақты ұлдары Тайыр мен Хамзаның өмірі мен шығармашылығы жайлы кейінгі буын оқушылар мен студенттер жастар арасында үлкен насихат сабақтарын жүргізу міндеті тұр. Қазақта “айтпасаң білмейді...” деп келетін аталы сөз бар. Сол айтқандай, барымызды жарқыратып басқаларға көрсету жағы, терең тамырлы ел екенімізді насихаттау мәселесі – бұл нәзік те күрделі мәселе деп қарастырғанымыз жөн. Ел болмақ осы асыл ағаларымыздан қалған жәдігерлерге тіреліп тұр ма екен? Мәселе сонда. Елдік – ұлы ерліктен басталатын ірі істерден де көрінеді. Елдік – тарихтың бір бекетіндегі кіші істерден де көрінеді. Оның үстіне бұл жәдігерлер – бұйым ретінде кішкене ғана зат болуына қарамастан, тарих үшін де болашақ үшінде үлкен іс деп білеміз. Әдебиет тарихшысы, қазақта алғаш Орхон тастарын сөйлеткен түрколог, ұстаз Мырзатай Жолдасбеков экранға шығып, “Сүйінші! Абылай ханның қамқа тоны табылды!”-деп көз жанарында баға жеткісіз байлыққа кенелген жанның оты ұшқындап сөйлегенде, әрине, көп кісі Мырзекеңнің қуанышын өз дәрежесінде түсіне қоймауы да әбден мүмкін. Есесіне жәдігерлік жайын жақсы білетін әрбір азамат Мырзекеңмен бірге қуанарына күмән жоқ. Ендеше ғылым мен білім дамыған осы заманда біздің қазақтың аяулы азаматтарының қолдарының табы қалған әрбір жәдігер заттарды күндердің бір күнінде қастер тұтылмай, тартылар өнегеге айналмай ізім-қайым жоғалады-ау деп ойламай, қазірден бастап жиыстыра беруіміздің мәні зор болмақ. Ендеше, Музей ісі – өнер мен ғылым буданынан туатын, қызметкерінен ізгілік пен кісіліктің алты атасын талап ететін өте нәзік әрі күрделі іс деп қабалдағанымыз жөн. ҰЛТ БОЛЫП ҰЙЫСУЫМЫЗДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ-“МӘДЕНИ МҰРА” мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жасалған осы бір кішкене ғана ісіміз көкірегі ояу көзі ашық азаматты тәрбиелеуде тамшыдай болса да үлесін тигізсе біз мақсатымызға жете алдық-ау деп ойлауға мүмкіндік бергендей.

JavaScript is disabled!
To display this content, you need a JavaScript capable browser.

Западно-Казахстанский государственный университет им. М. Утемисова

Регистрация



Жемчужины фонда

Смотреть все
Как вы узнали о нашем сайте?