Get Adobe Flash player

Главное меню

  • Домашняя страница
  • История музея
  • Законодательство
  • 3D галерея
  • Фотогалерея
  • Виртуальный тур
  • Видеогалерея
  • Карта проезда
  • Гостевая книга
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің
директоры Ә.Т. Жоламанов

 

Қазіргі замандағы Батыс Қазақстандағы музей ісі

Еліміз тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болғанынан бергі жылдар ішінде бұған дейін бұрмаланып келген Отанымыздың тарихы жаңа тұрғыдан зерттеліп, оған тиісті оң бағасын беру жүзеге асуда. Бүгінгі таңда біздің еліміз қол жеткізген табыстар бізге жан-жағымызға зер тастауға, өткен жолымызды таразылауға әрі болашаққа батылырақ көз салуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. 
Батыс Қазақстан жері - Евразия халықтарының даму тарихында терең із қалдырған ежелгі халықтардың - ғұндардың, печенегтердің, оғыздардың, қыпшақтардың, қимақтардың өмір сүріп, мал өсірген, өздерінің көне өркениетінің, көне мәдениетінің ірге тасын қалаған жерлері екендігін растайтын көне тарихи қорғандар облыс территориясында аз емес. Облыс орталығының нақ іргесінен табылған көне Жайық қалашығының өзі «қазақтар және отырықшылық, қала мәдениеті» туралы орнығып қалған тұжырымдарды қайтадан дәйектеуімізді талап етеді емес пе?
Жалпы Батыс Қазақстан облысының территориясы қайталанбас ерекше тарихи және мәдени ескерткіштерге бай аймақ. Соңғы жеті жыл ішінде бұл ескерткіштерді зерттеу ерекше қарқынмен жүргізілді. Нәтижесінде облыс териториясында 6 мыңнан астам қорғандар мен қоныстар, қала орындары мен қорымдар кешені есепке алынды. Олардың 200-дейі тас ғасырына, 4 мыңнан астамы сақтар мен сармат-савромат дәуірін қамтитын қола және ерте темір ғасырына, 2 мыңға тарта ескерткіштер түркі кезеңінен бастап XV-XVI ғасырларға дейінгі кезеңге тиесілі. Осы ескерткіштердің ішінде Бөрлі ауданындағы «Қырықоба» патшалар қорымы кешені мен «Жайық қалашығы» деген шартты атауға қала орнының шоқтығы биік. Зерттеулер Батыс Қазақстан жері қуатты да белсенді саяси және экономикалық орталық мекені болғанын айғақтайды.
Киелі Ақ Жайық өңірі, қасиетті Нарын құмы – дала кемеңгері Сырым батырдың, сұңғыла реформатор хан Жәңгірдің, құдіретті композитор Құрманғазының, күйші Динаның, небір дүлей күйлердің авторы Дәулеткерейдің, семсер жырдың шебері Махамбеттің, сахнаның қас шебері Қ.Бөкееваның, қазақ әндерін орындаушылардың ішінде өзіндік стилін қалыптастырған, құдіретті әнші Ғарифолланың елі. Бұл жер – ХIХ ғасырдың басы Бөкей хан, ХХ ғасырдың басы Батыс Алашорда ту тіккен жер!
Ақ Жайық өңірі - қазақтың ұлттық эпостарының бірі – сұлу Жібектің елі, ғалымдар А.Тайманов, Қ.Жұмалиев, ақиық ақындар Абдолла Жұмағалиевтың, Хамза мен Тайырдың, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Ақұштап Бақтыгерееваның тал бесігі.
Ақ Жайық даласы – халық байлығы болып есептелетін сары алтынды астықтың мекені. Болашақ ұрпақтың таусылмас байлығы болып саналатын Қарашығанақ газоконденсат кешені де осы территорияға орналасқан. 
Бүгінгі орта, заман, қоғам бір басқа, бірақ біздің әрқашан өзіміздің түп тарихымызды, тамырымызды, ұлттық құндылықтарымыздың бастауын, сонымен қатар оларды сақтауға, дамытуға зор үлес қосқан аға буын өкілдерін ұмытпауымыз керек екендігі - бұл ешбір дау туғызбайтын аксиома. 
Қай елдің болмасын шынайы сырын, нақты келбетін танытар бір қыры - өткен тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін барынша бұлжытпай бейнелейтін музей мекемелері десек шындықтан алыс кетпейтін болармыз. Қаламызға келген зиялы қауым өкілдерінің, білікті, мәдениетті, ақыл-есті барша жұрттың музейге соқпай кетпейтіні соған айқын дәлел болса керек. Осы бағытта өткен тарихымыз бен қазіргі кезімізді екшелеп, материалдық және рухани байлығымызды жинақтап, зерделеп, келесі ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, олардың тарихи танымдары мен эстетикалық талғамдарының қалыптасуларында музей мекемесінің алатын орны ерекше екендігі хақ.  
Қазіргі заманда қоғамның жедел дамуы барысында музейлердің адамзат мәдениетінің елеулі ажырамас бөлігіне айналғаны баршамызға аян. Әлеуметтік - экономикалық формация алмасқан осынау алмағайып заманда біздің қоғамда музейлердің де мақсаты мен міндеттері функциялары өзгерді. Алайда, атап көрсететін басты жайт, музейлердің қоғамдағы рольдері өзгергенімен, қандайда әлеуметтік қайта құрулар болса да, музейлердің қоры, коллекциялары, тарих және мәдениет ескерткіштері өзгерусіз күйінде қалатындығы. Қандай әлеуметтік-саяси өзгерістер болса да, музей өзінің басты міндетін орындауда: Ол – мәдени мұраны сақтау болып табылады. 
Расында да неше бір заман белестеріндегі қоғамдық құбылыстарды, аласапыран әлеуметтік саяси оқиғаларды, керек десеңіз күллі адамзаттың, бізді қоршаған кеңістіктің, табиғи ортаның таңғажайып өзгерістерін алақанға салғандай етіп алдына тосатын музейдегі материалдық мұралар мен қатпарлы қалың құжаттар – баға жетпес рухани қазына, ұлттық байлық. 
Жер жүзіндегі тұңғыш музейлердің ғұмыр жасы әрі кеткенде төрт жүз жылдың о жақ бұ жағында деп саналса, өнеркәсібі, мәдениеті, ғылымы қауырт дамыған іргелі орталықтардан бір бүйір, шалғайлау, шеттеу жатқан Ақ Жайық өңіріндегі музейдің жасы шамамен соның жартысындай деуге болады. 
Оралда музейдің пайда болуы осында оқу орнының ашылуымен тікелей байланысты. Орынбор өлкесінің шекаралық және азаматтық басқармасының 1834 жылғы есебінде Оралда «әскери училище құрылысы басталғаны» туралы жазылған. Ал Орынбор корпусы командирінің 1836-1837 жылдардағы есептерінде «әскери училище құрылысы аяқталып онда сабақ басталғаны» баян етіледі. Осы училище тұрақты жұмыс істей бастаған 1836 жылы музейдің де негізі қаланған деп ұйғарым жасауға болады. Себебі: Орал әскери училищесінің Жарғысында: «Кітапханашы, ол әрі училище музейінің қараушысы, училище кітапханасы мен музейіндегі рет-ыңғай үшін, сондағы кітаптардың, аспаптар мен заттардың бүлінбей, жоғалмай сақталуына жауап береді», деп атап көрсетілген. Жарғыда Орынбор әскери губернаторы В.А.Перовский мен штаб бастығы қол қойған. 
Тарихы сонау 1836 жылдан бастау алатын бүгінгі облыстық тарихи-өлкетану музейі қазіргі кезеңде құрамында 8 филиалымен бірге әрекет етуде. Атап айтсақ бұлар: қаладағы Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музей, Е.Пугачев музей-үйі, А.Пушкин әдебиет музейі, С.Ғұмаров музей-үйі және аудандардағы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану, Мұхит Мералыұлы атындағы Қаратөбе тарихи-өлкетану музейі, Дина Нұрпейісова атындағы Жаңақала өнер музейі, Казталов ауданындағы Көктерек музейі. Бұлардан тыс облыста мәдениет басқармасының дербес Орда тарихи музей кешені, Мәншүк мұражайы, табиғат және экология музейі, Шолохов мұражайы, Ақжайық, Бөрлі музейлері, қоғамдық негіздегі Ғабдолла Тоқай мұражайы мен «Старый Уральск» музейлері әрекет етеді.
ҰЛТ БОЛЫП ҰЙЫСУЫМЫЗДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ -“МӘДЕНИ МҰРА” мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жасалып жатырған кішкене ғана істерміз көкірегі ояу көзі ашық азаматты тәрбиелеуде тамшыдай болса да үлесін тигізсе біз мақсатымызды орындап келе жатырмыз-ау деп ойлауға мүмкіндік береді.
Жалпы қорымызда жүз мыңға тарта жәдігер (жәдігерлердің жалпы саны: 99 520 сақтау бірлігі. Негізгі қор - 44 682 сақтау бірлігі. Ғылыми қосалқы қор - 54 838 сақтау бірлігі) сақталынып отырған біздің облыстық тарихи-өлкетану музейі мен оның қызметкерлері қазіргі заман талаптарына сай өз жұмыстарын ізденіс пен шығармашылық бағытында жүргізуде. Жылма-жыл облыстық мәдениет басқармасының қомақты қаржы бөлуі нәтижесінде музейдің қоры елеулі түрде толығып, материалдық-техникалық база да жақсартылып келеді. 
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ресейдің Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор қалаларына, сонымен қатар өзіміздің Алматы қаласына экспедициялар ұйымдастырылып, өлкемізден шыққан хан Жәңгір, алаш арыстары сияқты ірі тарихи тұлғаларға қатысты деректер жинастырылды. Хамза Есенжанов пен Тайыр Жароковтың жұмыс кабинеттері музей қорына қабылданды.
Осыған байланысты қор сақталатын бөлмені Орталық музей мен Ә.Қастеев атындағы көркем өнер галереясының қор сақталатын бөлмелері негізін үлгіге алып жасақтауға қол жеткіздік, яғни музей қоры сақталатын орын; жәдігерлерді түріне қарай орналастыруға арналған жабдықтармен қамтамасыз етілді. Картиналарды ілуге арналған жылжымалы қабырғалар, нумизматикалық сейфтер, құжаттарды сақтауға арналған картотекалық жәшіктер, мүсіндер, иконаларға арналған сөрелер жасалып, орналастырылды. Киізден жасалған бұйымдарға арнайы зал жасақталды.
2008 жылы арнайы қаржы бөлініп, «Бүкіләлемдік мұра жүйесі» атты ЮНЕСКО жобасы аясындағы «Музеолог» музей коллекцияларының ақпараттық каталогын жасау бағдарламасы облыстық музейдің компьютерлер жүйесіне енгізілді. Алматы қаласындағы Орталық музейден арнайы маман шақырылып, қор бөлімінің қызметкерлері «Музеолог» электрондық каталог жасау бағдарламасы курсынан өтті.  
Бағдарлама курсында меңгерген дағдыларын музей қызметкерлері күнделікті қор жұмысы – жәдігерлерді тіркеу, паспортизациялау барысында пайдаланып отырады. 
Соңғы екі жыл ішінде облыстық музей филиалдары Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейі және Дина Нұрпейісова атындағы өнер музейі экспозициясы қайтадан толықтай жасақталды. 
Сонымен қатар Алматы қаласынан «Остров Крым» мекемесінің жетекшісі, өз ісінің білгірі, зергер Қырым Алтынбеков шақырылып, музей қорындағы сақтар дәуіріне жататын алтын бұйымдардың гальвано-көшірмелері жасалынды.
Қазіргі таңда музейдің барлық маман қызметкерлері түгел дербес компьютерлермен қамтамасыз етіліп, ол компьютерлер түгелдей әлемдік ИНТЕРНЕТ жүйесіне қосылды. Музейдің өзіндік www.olketanu.kz сайты жасақталып, іске қосылды. Бұл шара әлемнің түкпір-түкпірінен сайт арқылы біздің өлкеміз туралы виртуалды түрде күнделікті тарихи-мәдени хабарлар мен ақпараттар алуға мүмкіндік берді. Ашылғанына үш ай бола қоймаған бұл сайтты қазірдің өзінде 6,5 мың жарым адам тамашалап үлгерді. 
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары музейлердің нарыққа мүлдем дайын еместігі, елдің экономикалық тетіктерінің де музейлерді өз шапарғаттарына бөлеуге еш құлықтары жоқ екендігі айқын байқалса, уақыт өте келе қоғамда мәдениеттің қажеттілігі жіті сезіліп, тіпті танымал да абыройлы салаға айналып, адамдардың «Мәдени демалыс» үшін ақша төлеуге және қомақты көлемде төлеуге даяр кезеңге жеттік.  
Қазіргі таңдағы негізгі мәселердің бірі – бұл музейлерге келушілердің қатарын көбейту болып отыр. Ол үшін музей менеджментін мейлінше тереңдей игеру, оны дамыту біздің бас ауыртар негізгі міндетіміз деп білген жөн. Жалпы әлемдік деңгейде музейлерге келушілер саны күрт төмендеп отырған осынау алмағайып заманда, облыстық тарихи-өлкетану музейінің алдында тұрған қиында болса басты міндет музейді жәдігерлер сақтаушы музей статусынан – басты назарда келуші адам болатын музейге айналдыру болып табылады. Ол үшін біздердің, музей қызметкерлерінің музейдің өткен дәуір, қазіргі кезең және болашақты нығыз байланыстырып тұрған ғасырлар бойы жинақталған тәжірибелер буыны екендігін басты назарда ұстағанымыз абзал. Керісінше жағдайда музейдің тек қана әсерсіз сүрең көрмелер мен ала-құла экспозициялар орнына айналатындығы, қоршаған қоғамның УАҚЫТ КЕЗЕҢДЕРІ деп аталатын өлшеммен байланысы үзілетіндігі сөзсіз.
Мемлекеттік мекеме болып саналатын тарихи-өлкетану музейлерінің негізгі және басты қаржы көзі – мемлекеттік қаржыландыру болып табылады. Тиісінше облыстық музейдің негізгі ақылы қызметінен түскен табыс жүз пайыз республикалық бюджетке аударылып отырады. Соңғы кезеңге дейін біздің қосымша ақылы қызметпен айналысуға заңды түрде құқығымыз болмады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 20 сәуірдегі №555 қаулысына сай музейлердің ақылы қызмет көрсету кеңістігі ұлғайтылды. Бұл заңнама музей менеджментін дамыта түсуге қосымша жолдар ашады деп білемін.
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі өзі деңгейлес барлық музейлер тәрізді замана желі әсерімен XXI ғасырға лайықты музей болу жолдарын тынымсыз іздестіру жолында. Бұл бағытта барлық дәстүрлі жұмыс формалары кеңейтіліп жүргізілуде: жаңаша стилдегі көрмелер мен экспозициялар, экскурссиялар мен лекциялар, көпшілік мәдени шаралар, музей сағаттары,клубтар жұмысы, шығармашылық кездесулер мен кештер, басқа мекемелер мен ұйымдармен біріккен шаралар бір мезгілде толастаған емес. Біздің музей менеджментіндегі алға қойған мақсатымыз: бейхабар келушілерде қызығушылық әсерін оятуда, қызығушылығы оянған келушіні бір күндік келушіге айналдыру, бір күндік келушіні тұрақты келушіге ұштастыру, тұрақты келушіні музейдің жанашырына айналдыру болып табылады. Ол үшін музейге келушіні мұқият зерттеу қолға алынған.
Біздің музейде келушілердің санын арттыру барысында жүзеге асырылып жатырған шаралар біздің барлық басқа да мүмкіндіктеріміздің кішкене ғана бөлшегі деп білеміз. Әр музей бұл бағытта өзіндік бағыт, бағдарын айқындағаны жөн. Алайда біздің ең басты нәрсені есімізден бір сәтке де шығармағанымыз абзал. Ол - Музей дегеніміз ең алдымен адамзаттың әр кезеңдегі іс-әрекетін айғақтайтын тарих, ғылым, тұрмыс, өнеркәсіп, ауылшаруашылық бұйымдары мен өнер туындыларын жинақтайтын, сақтайтын және көрсетуге ұсынатын ғылыми-мәдени мекеме екендігі. Музей бұрынғы мен қазіргі материалдық және рухани мәдениетті сақтап, насихаттайтын киелі орын.
Ата бабаларымыздан жеткен сарқылмас рухани қазына-асыл мұралардың тарихи қоймасы – Қорында 100 мыңға тарта асыл мұралары бар біздің музей бүгінде өлкемізге алыс-жақыннан келіп-кетіп жататын қонақтар мен жергілікті қауымның игілігіне айналып, тарихи зердеге қозғау салатын тарих пен тағылымның ордасы мен мәдени-рухани орталық дәрежесіне дейін көтеріліп отыр. Ал мұражай қызметкерлерінің іскерлігі, біліктілігі арқасында өлкемізде сан алуан мәдени шаралар ұйымдастырылып, тақырыптық басылымдар жарық көріп көпшіліктің ризашылығына бөленуде.
Қазақта “айтпасаң білмейді...” деп келетін аталы сөз бар. Сол айтқандай, барымызды жарқыратып басқаларға көрсету жағы, терең тамырлы ел екенімізді насихаттау мәселесі – бұл нәзік те күрделі мәселе деп қарастырғанымыз жөн.
Өйткені өткенді тану арқылы біз рух және руханияттың тылсым сырына үңілмекпіз. Ол бұйымдардың заманы бөлек болғанымен, – адамзаттікі. Кейінгі буын өкілдерінің адамзаттық биікке шығуларында, одан үйренулерінде жәдігерлер сәл де болса себеп болса, бұл музей орындарының көкірегі ояу азаматты тәрбиелеуге қосқан өзіндік үлесі деп білеміз.

JavaScript is disabled!
To display this content, you need a JavaScript capable browser.

Западно-Казахстанский государственный университет им. М. Утемисова

Регистрация



Жемчужины фонда

Смотреть все
Как вы узнали о нашем сайте?