Get Adobe Flash player

Главное меню

  • Домашняя страница
  • История музея
  • Законодательство
  • 3D галерея
  • Фотогалерея
  • Виртуальный тур
  • Видеогалерея
  • Карта проезда
  • Гостевая книга

Баяндама 4

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану
музейінің кіші ғылыми қызметкері Г.Е.Ихсанова

«Батыс Қазақстан өлкесінің тарихи-мәдени мұралары және олардың қорғалуы»

«Каспий-Арал өңірінің тарихи-мәдени мұралары»
ІІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы
«Ескерткіштану» секциясы
Байырғы Сақ, Ғұн, Түркі, Қыпшақ тайпаларының ұйытқысы, әрі қасиетті мекені болған Қазақ жері талай тарихи кезеңді басынан өткерді. Соның ішінде жылдар, ғасырлар, мыңжылдықтардың тілсіз куәсі бола білген Батыс өңір, Ақ Жайық даласы қатпары қалың, қыртысы мол тарихты қойнына бүгіп жатыр. Алтайдан Атырауға дейін көсілген аймақты мекен еткен ата-бабаларымыз өз жерін көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалды. Сырын ішіне бүккен екі алып мемлекеттің қыспағында қалған кезде данышпан бабаларымыз көрегендік таныта білді. Тағылымды даналықты бойына сіңірген аталарымыздың өсиетін ұмыт қалдырмай, өткен дәуір елестерінен сыр шертетін көненің көзі ескерткіштер қашан да бүгінгі буынның жанашыр қамқорлығына алынуы қажет-ақ. Талай дүбір мен дүрмекті бастан өткерген қазақ даласының бір бөлігі - киелі Ақжайық өңірі де сан тарихты ішке бүккен тілсіз куәгер. Төлеген мен Жібек секілді арманда кеткен ғашықтардың мекені, адамзат баласының арғы-бергі тарихындағы зұлмат соғыстың шеткері майданы мен тылы бола білген осы өңір тарихи, мәдени және сәулет ескерткіштеріне бай облыстардың біріне жатады. Олар дала төсіндегі археологиялық ескерткіштер мен 400 жылдық тарихы бар көне Орал шаһарының сәулет ескерткіштері.

Алғашқы іргетасы осыдан төрт ғасырға жуық уақыт бұрын қаланған Орал қаласы бүгінде Қазақстанның батыс қақпасы болып есептелді. Ол Еуропа мен Азия сынды екі алып құрлықтың шекарасын бөліп жатқан Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Демек, екі мәдениет пен екі этносты ортақ еншілеген Орал қаласының қойнауы тарихи оқиғаларға толы екендігіне таңдануға болмайды.
Әрине, қай аймақтың да өз ерекшелігі, өзіндік кескін-келбеті болады. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысының бақ-таланы басқа облыстармен салыстырғанда айтарлықтай айрықша. Ол Ресей Федерациясының бес бірдей облысымен шектесіп жатыр.
Жалпы Батыс Қазақстан облысы қайталанбас ерекше тарихи және мәдени ескерткіштерге бай аймақ. Соңғы он жыл ішінде бұл ескерткіштерді зерттеу ерекше қарқынмен жүргізілді. Нәтижесінде облыс териториясында 6 мыңнан астам қорғандар мен қоныстар, қала орындары мен қорымдар кешені есепке алынды. Олардың 200-дейі тас ғасырына, 4 мыңнан астамы сақтар мен сармат-савромат дәуірін қамтитын қола және ерте темір ғасырына, 2 мыңға тарта ескерткіштер түркі кезеңінен бастап XV-XVI ғасырларға дейінгі кезеңге тиесілі. Осы ескерткіштердің ішінде Бөрлі ауданындағы «Қырықоба» патшалар қорымы кешені мен «Жайық қалашығы» деген шартты атаулы қала орнының шоқтығы биік. Зерттеулер Батыс Қазақстан жері қуатты да белсенді саяси және экономикалық орталық мекені болғанын айғақтайды.

Тарих және сәулет ескерткіштері мен монументалдық өнер ескерткіштерін зерттеу, есепке алу, қорғау және қайта өңдеу жұмыстарын ХХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап Қазақ КСР Мәдениет Министрлігі органдары жүзеге асыра бастады.
ХХ ғасырдың 70-ші жылдары Кеңес Одағының басқа елдеріндегідей сияқты Қазақстанда да тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау органдары әр облыс бойынша ескерткіштер тізімін дайындау үшін жаңа бірыңғай есеп карточкалары мен паспорттары негізінде тарихи объектілерді паспортизациялау жұмыстарына кірісіп кетті.
ХХ ғасырдың 80-ші жылдары «Қазпроектреставрация» институты облыстық ескерткіштерді қорғау органдарымен бірлесе отырып Орал облысының тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеу мақсатында экспедиция ұйымдастырды. Сондай-ақ институт Орал қаласының даму тарихы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ағаш қолөнерінің ескерткіштері, тұрғын үйлер, қоғамдық ғимараттар, мавзолей, тарихи ескерткіштердің тіркеу құжаттары дайындалды.
Орал қаласы Қазақстанның көне қалаларының бірі саналады. Қаланың ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың тарих, мәдениет және сәулет ескерткіштері саналатын тарихи бөлігін ашық аспан астындағы музей деп те атауға болады.
Батыс Қазақстан облысы территориясында 6 мыңнан астам археологиялық ескерткіштер және 500-ден астам тарих, сәулет және монументтік өнер ескерткіштері бар. Қазіргі кезде жергілікті маңызға ие 2 153 және республикалық маңызы бар 14 ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Жергілікті маңызды 2 153 ескерткіштің ішінде 173-і тарих, сәулет және монументтік өнер ескерткіші болса, 1 966-сы археология ескерткіші саналады.
Барлық ескерткіштер ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңының 5-статьясына сәйкес тарихи, ғылыми құндылығы бар тарихи-мәдени мұра ретінде құқықтық статусқа ие.
«Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұрасын қорғау бойынша мемлекеттік инспекция» мемлекеттік мекемесі облыс әкімінің шешімімен 1996 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ескерткіштерді қорғау бөлімі негізінде құрылды. 1999 жылы мемлекеттік мекеме ретінде заңды статусқа ие болды.
Мелекеттік инспекцияның басты мақсаты тарихи-мәдени мұраны қорғау мен дамытуды қамтамасыз тетеін қоғамдық қатынастарды реттеу саналады:
- тарихи-мәдени мұраны түсінігін анықтау, оны қорғау және пайдалану;
- тарихи-мәдени мұра объектілерінің құқықтық статусын бекіту;
- тарих, мәдениет және археология ескерткіштерін есепке алу, тіркеу, қорғау.
Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін мемлкеттік мекеме мынадай бағытта жұмыс атқарып келеді:
- тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысады және бағдарлама жасап шығарады;
- тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталу және пайдалану тәртібін, сондай-ақ оларды жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарын мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады және ескерткіштерді қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді дайындайды;
- облыс территориясындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын және пайдалану ережелерін ұстануды қамтамасыз етеді;
- ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңының орындалуын қадағалайды;
- Республикалық маңызы бар ескерткіштердің тізімін дайындап, ҚР Үкіметіне жібереді және облыстық әкімдікке жергілікті маңызы бар ескерткіштердіңтізімін ұсынады;
- Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұрасын насихаттау мақсатында ғылыми зерттеулер негізінде тарихи-деректі кітаптар, қолжазбалар, ғылыми жинақтар, альбом және буклеттер дайындап, баспадан шығарады.
ҚР Президентінің «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Жолдауына байланысты БҚО тарихи-мәдени мұрасын қорғау бойынша инспекция мен облыстық тарих және археология орталығыескерткіштерді зерттеу, қайта қалпына келтіру және сақтау мақсатында жұмыстар атқарды. Мәдениет және ақпарат Министрлігінің тапсырмасымен ескерткіштер тізімі жаңартылып, толықтырылды және олардың паспорт, ескепке алу карточкалары, фото-альбомдары жасалды. 2008 жылы 82 тарих және сәулет өнерінің ескерткіштері және 1 646 археология ескерткшітері Мәдениет және ақпарат Министрлігінің сараптау комиссиясынан өтіп, жергілікті маңызды мемлекеттік тізімге енгізілді.
Бөкей Орда тарихи-музей кешені территориясындағы Хан сарайы ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары қадағаланып отыр.
Мемлекеттік инспекция «БҚО тарихи-мәдени мұрасын қайта жандандыру және сақтау» бағдарламасын орындауға атсалысты. Жеңістің 65-жылдығына арналған бағдарлама аясында облыс территориясындағы ҰОС жылдары қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіштердің тізімі жасалынып, фотофиксация жұмыстары жүргізілді.
Орал қаласындағы «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде В.Чапаев, М.Маметова, А.Пушкин ескерткіштеріне, Ж.Молдағалиев, Ғ.Құрманғалиев ескерткіш-бюсттеріне және Даңқ мемориалдық кешені мен Бауырластар зиратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
“Тарихи-мәде¬ни мұраны қорғау және пайдалану туралы Қазақстан Республикасы заңының 18-бабында жергілікті өкілет органдарының құзыреті ай¬қындалған. Заң бойынша жергілікті өкілет органдары тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауды, есепке алуды, қорғауды, сондай-ақ оларды өз бюджеттерінің есебінен қаржыландырып отыруы тиіс.
Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және сақтау жұмыстары бойынша шараларды жүргізуге қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, ұлттық мәдениет орталықтары, «Көне Орал шаһары» атты қоғамдық мәдени-ағарту қоры және Батыс қазақстан облысының туристік имиджін қалыптастыру мақсатында облыстық туризм және спорт басқармасы атсалысты.
2009 жылы Мемлекеттік инспекция Орал қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасымен бірлесе отырып, қаланың тарихи бөлігін қалпына келтіру бағдарламасын дайындады.
ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңын сақтау мақсатында 34-статьяға («Тарих және мәдениет ескерткіштерін жөндеу, қалпына келтіру және консервациялау») сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштеріне жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының жобасы жасалынды.
Байырғының куәсі саналатын қаламыздағы кейбір сәулет ескертікштері, бұрын жазылып келген тізімнен алынуда. Оған олардың жойылуы немесе идеологиялық мәнінен айрылуы, яғни Кеңес кезінде әспеттеліп, қазір мағынасынан жұрдай болған ескерткіштер жатады. Қазір мемлекет қорғауына алынған ескерткіштердің көбі күрделі жөндеуді қажет етеді. Ғимараттардың сыртқы және ішкі көркі әрленіп, әсемделгенімен, олардың құрылысына толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Тек соңғы уақытта ғана, ескеткіштерді күрделі жөндеу мен қайта жаңғырту ісі мемлекет тарыпынан қолға алына бастады.
Тарихи-мәдени мұра халықтың тарихи тағдырының куәсі, оның бүгіні мен болашақ дамуының ажырамас шарты, адамзат өркениетінің құрамдас бөлігі ретінде қашан да зерттеуді, зерделеуді және қорғауды талап етеді.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен құрылысының маңызды бағдарламаларының бірі болып 2000 жылдан бастап республикалық, облыстық қаржы және инвестиция есебінен тарихи объектілерді қалпына келтіру жұмыстары саналады. Көптеген тарихи ғимараттар архитектуралық, декоративтік элементтерін сақтай отырып, ерекше келбетке ие болды. Шаһарымыздағы сәулет ескерткіштері талай мәрте сыртқы кейпін алмастырса да, олардың архитектуралық құрылысы әрқашан сақталып отырған. Мәселен, мемлекет қорғауындағы 1859-жылы тұрғызылған Островский тетрының өзі сол уақыттан бері 4 мәрте өзгеріске түсті. Бірақ, өлке тарихы үшін маңызы зор саналатын көптеген тарихи, археологиялық, архитектуралық объектілер қауіпті жағдайда тұр және тез арада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Олардың ішінде Әулие Покров шіркеуі, Ф.Шаляпин тоқтаған бұрынғы қонақүй, Жалпақтал ауылындағы Овчинниковтардың тұрғын үйі, Орда ауылындағы С.Меңдешевтің үйі секілді бірегей ескерткіштер де бар.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде де тарихи-мәдени мұраны қорғау бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде музей қорында 100 000-ға жуық жәдігер сақталуда.
Музей мамандары «Мәдени мұра» өңірлік-салалық бағдарламасы аясында жасақталған «Қазақстанның тарихи-мәдени мұралары құжаттарының электронды ақпараттық базасы» бағдарламасын меңгеруді жүзеге асыру мақсатында қорда сақталған тарихи-мәдени мұра объектілерінің ғылыми құжаттарын бағдарламаға енгізу бойынша жұмыстануда. Орталық музейден арнайы маман шақыртылып, музей қызметкрелері «Музеолог» электронды каталог жасау бағдарлмасын меңгерді.
Музей қорындағы ХІХ-ХХ ғ.ғ. қазақ халқының зергерлік бұйымдары, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған әшекейлер (моншақ, сырға), жалпы саны 1 627 дана асыл металдан жасалған құнды жәдігер Алматы қаласындағы «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығының» филиалы «Сынама палатасында» («Пробирная палата») салмағы өлшеніп, сафтығын көрсететін таңбасы анықталды.
2009 жылы музей қорындағы сақ дәуіріне жататын 40 дана алтын жәдігердің (алтын шекелік, алқа, сырға, күміс фалар, күміс ритон) Алматы қаласындағы суретші-реставратор Қырым Алтынбековтың басшылық ететін «Остров Крым» лабораториясында гальванокөшірмесі жасалды. Музей жәдігерлерінің көшірмесін жасау жұмыстары құнды түпнұсқа жәдігерлерді түрлі жағдайлардан қорғау мақсатында жүргізіледі.
Облыстық музей қоры Алматы қаласындағы Орталық музей мен Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы қорын негізге ала отырып, қордағы жәдігерлерді түр-түрімен орналастырып, сақтау мақсатында жаңа құралдармен жабдықталды. Картиналарды ілуге арналған жылжымалы қабырғалар, нумизматикалық сейфтер, құжаттарды сақтауға арналған картотекалық жәшіктер, мүсен мен иконаларға арналған сөрелер жасалды.

Қазіргі таңда ұлттық тарих пен мәдениетке деген талаптың, қызығушылықтың артуы кезеңінде Қазақстан тарихында тұңғыш рет Орал қаласында облыстық тарих және археология орталығы құрылды. Елімізде ұлттық мәдени мұраларды және Отандық тарихымызды тануға, зерттеуге көңіл аударыла бастады. Тарих бетіне ел тарихында өзіндік орны бар есімдер қайта оралды. Тарихи зерттеулердің әдіснамалық негізі түбегейлі өзгерді. Орталықтың негізгі қызметі – тарих және археология ғылымында жаңашыл ізденістер жүргізу, тарихи-мәдени мұраларды зерттеу және қорғау. Ізденушілік жұмыстардың нәтижесінде Батыс Қазақстан өлкесінде қала мәдениетінің тарихи қалыптасуы мен дамуы, Орал қаласының құрылу жылнамасының жаңа тарихи бетін ашты.

«Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, адамзат тарихының күретамыры – мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекетін дүниеге әкелген материалдық құндылықтар болып табылады. Бұл бәрімізге белгілі ақиқат. Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті.
Осы орайда “Мәдени мұра” бағдарламасы - мәдениетке деген мемлекеттік көзқарастың соны стратегиялық ұстанымын айқындаған маңызды жоба болды. Ол жаңадан қалыптасып жатқан қазақстандық қауымдастықтың әлеуеті мен гуманистік бағыт-бағдарын танытты.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың инициативасы бойынша әзірленді. Бағдарлама тарихи-мәдени дәстүрлерді қайта жаңғырту мен дамыту сабақтастығын, еліміздің мәдени мұрасын насихаттау, қолдану, сақтау және зерделеумен байланысты негізгі аспектілерді анықтайды, мәдени мұраны зерделеудің тұтас жүйесін жасауды, соның ішінде осы заманғы ұлттық мәдениет, фольклор, салт-дәстүрлер, жазба және ұлттық әдебиеттің ғасырлар бойғы тәжірибесін жинақтау, ғылыми және көркем сериялар құру бойынша, сондай-ақ тарихи-мәдени ескерткіштерді реставрациялау, консервациялау және мұражайландыру, мәдени мұра мәселелерін топтастыратын материалдық-техникалық, ғылыми-зерттеулерді дамыту мен нығайтуды қарастырады.
Сайып келгенде, осының бәрі мемлекет болып қалыптасуымыз үшін, ұлт болып топтасуымыз үшін қажет жағдай. Әлемдік ғылым мен мәдениеттің озық жетістіктерін бойымызға сіңіре отырып, қазақстандықтардың рухани кемелденуі, өркениет көшінен кейін қалмауы ең негізгі мақсат етілді. Ал рухани-мәдени таным арқылы, тарихи сана негізінде патриоттық сезім, отаншылдық рух қалыптасатыны белгілі. Әсіресе бүгінгі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу – мемлекеттік идеологияның темірқазығы болуы тиіс.
Бүгінгі күні қазіргі заман құрылымына сәйкес адам баласының қоршаған ортасын бірсарындылыққа әкелетін ғаламдандырудан қорғау шарасы ретінде мәдени мұра ескерткіштерін елге әйгілеу, сақтап қалу маңызды шаруа болып отыр. Қазіргі құрылыс ғимараттарын салу көлемінің өркендеуі, ақпарат жүйелерінің, байланыстың және көлік ағымының пәрмені қарқынды дамуына қарай біз ескерткіш рухын сезінуден қалып бара жатқандаймыз.
Бүкіл адамзат тарихының дамуымен біздің тарихымыздың тығыз және ажырамайтын байланысы және өзара қатынасының нәтижесі болып табылатын материалдық мәдениет ескерткіштерін сақтауға бәріміз борыштымыз.
Мәдениеті жоғары, тарихи танымы орнықты, ойы сергек елдің рухы да биік. Рухы биік халықтың іргесі де берік, әлеуеті де қуатты, ынтымағы да жарасты болмақ деп есептеймін. Біз бүгінде дербес, жаңа тұрпатты мемлекет құрудың келесі кезеңіне қадам бастық. Бұл кезеңде Қазақстан халқы ұлттық даму мүддесінің аясына шоғырланып, тарихи мұраларымыз ел тұтастығының символына айналуы тиіс деп білем.


Түйіндеме
Бұл жұмыс бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – Қазақстанның, соның ішінде Жайық өңірінің тарихи-мәдени мұрасы тақырыбына арналып, олардың саны, санаттары және сақталымы келтіріліп жазылған. Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және қорғау саласындағы мекемелер жұмысының нәтижелері көрсетілген. Автор қазіргі бүкіләлемдік жаһандану жағдайында Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасын оның дамуының негізі мен кепілі ретінде сақтап қалудың маңыздылығын атап көрсетеді.

Резюме
Работа посвящена злободневной теме – охране и использованию историко-культурного наследия Казахстана, в частности Приуралья, с приведением сведений о количестве, видах и сохранности объектов. Подведение некоторых итогов работы учреждений сферы культуры, несущих эту миссию. Автор подчеркивает значимость охраны историко-культурного наследия народа Казахстана как основу и гарант его развития в условиях глобализации.

Summary
Work is devoted a topic of the day to protection and use of a historical and cultural heritage of Kazakhstan, in particular Priuralie, with reduction of data on guantity, kinds and safeties of objects. Leading of some results of work of establishments of sphere of the culture, bearing this mission. The autor underlines the importance of protection of a historical and cultural heritage of the people of Kazakhstan as a basis and the guarantor of its development in the conditions of globalization.

JavaScript is disabled!
To display this content, you need a JavaScript capable browser.

Западно-Казахстанский государственный университет им. М. Утемисова

Регистрация



Жемчужины фонда

Смотреть все
Как вы узнали о нашем сайте?