Мәншүк Мәметова

«Мәншүк болмағанда жеңіс күнін көре алмас едім»

Ел басына күн туған шақта қолына қару алған арулар аз емес. Солардың бірі де бірегейі даңқты батыр жерлесіміз Мәншүк Мәметова. Ол шайқас алаңында ауыр жараланған сардар Егемқұл Тасанбаевқа өз қанын бергенін екінің бірі біле бермес. 1994 жылы 29 наурызда жарық көрген «Қазақстан сарбазы» газетіндегі лейтенант Құдайберген Медимановтың «Мәншүк болмағанда жеңіс күнін көре алмас едім» атты мақаласын оқыған адамның көзіне жас келеді. Алдыңғы шепте жүрген Мәншүк жараланған қарулас жолдасының өміріне араша болмақ оймен өз қанын берген. Не деген күш жігер? Не деген қайсарлық? Таңырқайсың. Таңқаласың. Еріксіз бас иесің. Батыр қыздың рухына тағзым қыласың. Шынын айтар болсақ, Мәншүктің ерлігін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес.  Ендеше, мақаладан үзіндіге назар аударайық: «...1942 жылғы қараша айының 25-ші жұлдызындағы ұзаққа созылған жан түршігерлік қанқұйлы кескілескен ұрыстардың бірінде Егемқұл Тасанбаев кенеттен екі бірдей ауыр дене жарақатын алып, қатты қансырайды. Тым қөп қан жоғалтқандықтан ол екі жарым тәулік бойына ес-түсін жинай алмай жатады. Бригаданың әскери хирургі Нығметуллин басқарған әскери дәрігерлердің қолдарында оған құятын қан жеткілікті болғанымен, оның қаны табылмай қиынға соғады. Бұл жағдайды естіген Мәншүк майданның сонау алғы шебінде соғысып жүрген жерінен қардай бораған оққа қарамастан қанатымен су себелеген қарлығаштай түнделетіп, желіп келіп, өлім ауызында жатқан Егемқұлға өз қанын береді. Осыдан соң Егемқұл ес-түсін жинап жауынгерлер қатарына қосылады. Сол шабуылдан соң еліне Ұлы жеңіспен оралады. Егемқұл аға бойында қаһарман қыз Мәншүктің қаны бар екендігін арада біршама уақыт өткеннен соң майдандас достарынан естіп біледі».

Құдайберген Медиманов.

«Қазақстан   сарбазы» газеті.  29.03.1994ж


А.Прокопенко-Халимульдина, А.Халимульдин «Звездный час Маншук»  атты кітабынан үзінді. 26-27- беттер. 1985ж

 – Қыздар не болды? Біз қайдамыз?

Біз Тася екеуміз оған бар білетінімізді ақырын айтып бердік. Ол да Мәншүктің жоқтығына алаңдады.

Бірнеше минуттан кейін біз вагонға жақындап келе жатқан Мәншүкті байқадық. Ол  алаңсыз жайлап қана әлденені әндетіп келе жатты.

– Опырмай! – деп айқайлады Мәриям, – Қайда болдың?

– Туған жерімде, – деп ақырын жауап берді Мәншүк.– Мұндағы иісті сезесіңдер ме? Жайық даласы түнде осылай аңқиды...

– Дала иісі аңқиды ғой, алайда эшелоннан қалып қоюың мүмкін еді, – деп сөкті Мәриям оны.

– Біз  қарсы пойыздың өтуін күтіп отырмыз, – деді Мәншүк байсалды үнмен, – Мұндай жазық далада поезд біраз шақырым алыстан көрініп- естіледі. Мен жақсы жүгіре аламын. Бізге келе жатқан поезды көре сала, найзағайдай жарқ етіп, өзімнің вагоныма тез жетер едім. Үлгерер едім- деп сендірді ол.

– Ал, біз уайымдадық, – дедім мен даланың салқын желінен тітіркеніп.

– Жарайды, солай-ақ болсын. Туған далаңның ауасымен тыныстап..., өтетін пойызды осында күтеміз, – деді Мәриям есінеп.

          Біздің көзіміз қараңғылыққа үйреніп қалған еді, жақын жерден үйілген ағаш шпалдарды көрдік. Олардың үстіне тез шықтық. Шпалдар жып-жылы. Олар әлі күнге дейін ыстық күннің жылуын сақтаған екен.

          Ыңғайланып отырып, айналаға құлақ түрдік. Мүлгіген тыныштық. Дала ұйқыда. Бізге бірде жусан, бірде тезек түтіні иісін әкелген нәзік самал жел соғып тұрды. Алыстан иттердің үрген дауысы да естілді, бұған қарап біздер: «Жақын жерде адамдар тұрады» деп топшыладық.

– Тыңдаңдаршы, қандай тыныштық! — деді Мәншүк салтанатты түрде. Бұл – ұйықтап жатқан дала!» —  деп қосты да, жылы денесімен балаша мені құшақтады.

–Бұл жерде аспан ерекше- барқыттай қара... ал жұлдыздардың көгілдір сәулесі бар, – дедім мен аспанды нұсқап.

– Дәл солай, Көккөз! Алыстағы жұлдыздарға қарашы, олар бізге қарап, сәулелерін таратып тұрған сияқты, – деп сыбырлады Мәншүк көзін аспаннан алмай.

– Мәншүк, жаңа ғана сен мені қалай атадың?

– Көккөз! Қазақша бұл- көзі көк адам деген, – деп Мәншүк иығымнан құшақтап алды.

– Міне, көңіліміз босап кетті! Сендерге енді  Пушкин, Абайдың өлеңдерін оқуды бастау керек еді, – деді Мәриям.


Қазақ халқының қаһарман қызы

Соғыстың 1943 жылғы  жазы еді. Бөлімше командирінің жеркепесіне солдат шинелін киген қазақ қызы кірді де: «Мен енді бұлай өмір сүре алмаймын»,— деді толқып, «Штабта көшіретін қағаздардан мен зеріктім, фашистерді өз қолыммен жойғым келеді.... Маған пулеметші болу мүмкіндігін беріңіз ...

Сарбаздың ауыр өмірі қыз балаға қиын, – деп командир оған қарсылық білдірмек болғанымен, Мәншүк Мәметованың  қызуқанды табандылығы командирді амалсыз келісуге мәжбүр етті.

Мәншүк «Максим» пулеметін танып-білуге бар зейінімен кірісті. Ол кішкене қараторы қолымен пулеметті сылап-сипауға мүлдем шаршамайтын. Көп күндер мен апталар бірінен кейін бірі зымырап өтіп жатты.

Бөлімшеде пулеметті аға сержант Мәметовадан артық білетін ешкім болмады, оның нысананы  дәлдеп атуы көргендердің барлығын таңқалдырды.

Жаумен кездесетін көптен күткен күн де ​​келіп жетті. Алғашқы пулемет оғы жаудың оқ нүктесін тыйып тастағанда, Мәншүк соғысқан «досының» салқын денесіне сөзбен жеткізгісіз қуанышпен жабысып, сүйсіне сыбырлады.

Қымбаттым менің...жақсым...

Күздің салқын таңы еді. Көлдердің үстінен сүттей аппақ тұман қалқып, сарғайған арамшөпті сұр қырау жауып тұрды. Біздің бөлімшелер неміс қорғанысын бұзып, алға ұмтылды. Шабуыл жасаушылардың алдыңғы сапында пулеметімен комсомол Мәншүк Мәметова болды.

Немістер әлсін-әлі қарсы шабуылға шықты, оқтың нөсері оларды жерге жабыса қорғануға мәжбүрледі. Әр жолғы кезекті қарсы шабуылдар артиллерия мен пулемет оғына тұншыққанда Мәншүк «Максимкасын» қолына алып, жауынгер досының тынығуына мүмкіндік берді. Оның көзі одан сайын жадырай бастады. Жүрегін өшпенділік кернеп, Отан үшін кек алуға дайын тұрды.

Мәншүк шыдай алмады. Жаулардың қалың тізбегі жерден көтерілгенде, ол пулеметтің тұтқасынан ұстады.

— Қажет емес, Мәншүк, — деп есеп командирі оның иығына ауыр қолын мықтап қойып, сақтықпен ескерту жасады. Біздің кезегіміз әлі келген жоқ...

Қысқа тыныштық аяқталды. Неміс минометтері биік төбеге оқ жаудырды. Жарылыс толқыны пулеметті аударып тастады да, минаның жарықшағы Мәншүктің  басына тиді.

—Мәншүк! Тірімісің? — ол алыстан  командирінің дауысын естіді. Мәншүк тісін қайрап, бар күш-жігерін жинап, басындағы тұманнан арылды.

—Тірімін... Ал сен... жараланған жоқсың ба?

Жауап жаңадан зуылдаған минометтың гуіліне батып кетті. Мәншүк кішкентай окопта ес-түссіз жатты. Ол  командирінің қасында ауыр минаның жарылғанын, оның тесілген кеудесін қолымен қалай басып, алдымен тізерлеп, сосын шалқасынан құлағанын көрмеді.

Немістер тағы да қарсы шабуылға шықты. Аңның ақырған дауысындай дауыстан есін жинаған Мәншүк жасыл мундирлі фашистердің жақындап қалғанын көрді. Автоматтан жиі оқ жаудырған  фашистер еңкейіп, биікке қарай жүгіріп келе жатты.

—Командир! Миша! – деген Маншүктің шақыруына ешкім жауап бермеді.

Мәншүк жылап жіберді. Ол жалғыз қалғандықтан емес, жауынгер жолдастарынан айырылып қалғанына жылады. Олар сондай жас, көңілді, өмірді сүйетін жандар еді.

Немістер төбе баурайына шыға бастады. Кенет «Максимнің» жауған оғы фашистердің тізбегін шөптей орды.  Қазақтың қайсар қызының оғының астында қырылған жау жер құшты. «Мәншүк» пулеметінің ажал оғы оларды қуып жетіп, өлім аузына қармап, жерге құлатты.

Пулеметші комсомол Мәншүк жаудың бес қиын-кескі шабуылын тойтарды. Артынан «Ура!» деген дауыс естілгенде, Мәншүктің  пулемет позициясының алдында жүзден астам оққа ұшқан неміс- фашистері жатты. Атқыштар роталары шапшаңдықпен алға серпіле ұмтылып, фашистердің соңғы қарсылығын мылтық найзасымен талқандады.

Жылдар, ғасырлар өтер, туған Елі, Отаны Кеңес Одағының Батыры ардақты Мәншүкті ешқашан ұмытпайды. Оның есімі даңқ тәжінде асыл тастай жарқырап, оның рухының жеңілмес беріктігінің алдында ұрпақтары бас иеді.

Капитан Л.Рыжов.

«Кутузовец» газеті  09. 12.1944 ж


Н.Гофманның «Герои не умирают» мақаласынан үзінді.

Отанды жаудан азат ету жолында қан майданда қыршын кеткен қазақтың қайсар қызы Мәншүк Мәметова туралы Н.Гофманның «Герои не умирают» мақаласынан үзінді.

«...Мәншүк миллиондаған  адал жандар жүрген соқпақтың ізімен,  соғыс басталған  алғашқы күннен-ақ  өзін майданға жіберуді сұрап, өтініш жазды. Өтініші қабылданбаса да  жігері мұқалмады. 1942 жылдың тамыз айында  Мәншүк Мәметова майданға аттанды.  Пәтеріндегі үстелдің  үстіне  анасымен төмендегі мазмұндағы қоштасу хатын қалдырды. «Қымбатты анашым! Өзіңізді тастап бара жатырғаным үшін маған ренжей көрмеңізші. Мұңаймаңыз. Мен майданға аттанып барамын. Адамдық ар-намысымды, ерлігімді паш етіп,  қажет болса Отаным үшін өмірімді де қиюға әзірмін».

Майданда хатшы болу Мәншүктің көңілінен шықпады. Атқыштар бөлімінде болу нағыз өзімнің орным деп есептеді. Уақыты келіп аға сержант шенін иеленумен қоса пулеметшілер бөлімінің командирі болып  тағайындалды. Бұл мезгілде қиырдағы Қазақстанда тұратын анасы Мәншүктің бөлімшесіндегі  оның жолдастарының: «Мәншүк Отанымыздың нағыз жауынгеріне айналды.  Екі аптаның ішінде пулеметтің қыр-сырын үйреніп, атуды мықтап меңгеріп алды. Сіз оның жолдастары арасында қандай құрмет пен сыйға ие болғанын білсеңіз ғой!» деп жазған хатын тебіреніспен  оқыған болатын. Жауынгерлер қаракөзді қаршадай ғана қызды  шын жүректен жақсы көріп кетті. Шайқастың ауыр сәттерінде Мәншүк  қаруластарын  өзінің батылдығымен демеп, жігерлендіріп отыратын. 1943 жылы Невель қаласы үшін кескілескен шайқас жүрді. Қазан айының бір күні бөлімшенің коммунистері  комсомол мүшесі  Мәншүкті  бірауыздан коммунистік партия мүшелігіне кандидаттыққа ұсынды. «Жолдастарымның сенімін  әрқашанда ақтау керекпін» деп шешті Мәншүк.

Мәншүктің бөлімшесі бекінген төбеге  неміс-фашистері үсті-үстіне шабуыл жасады. Кескілескен шайқаста кеңес әскерлері  қарсы жақтың шабуылына бес сағат бойы ерлікпен төтеп берді.  Қандыкөйлек жолдастары қаза тауып, Мәншүк жалғыз қалды.

«Ауыр шайқаста ауыр жараланған ержүрек пулеметші соңғы күшін жиып, фашистердің шебін талқандау мақсатында  шабуылға шыққан  қаруластарына  жол ашып, өз пулеметінен жауға қарсы  үздіксіз оқ жаудырып, біздің бөлімшенің  табандылықпен алға жылжуына  үлес қосты», -деп  кейін Мәншүкті  марапаттау туралы парақта жазылды.

Мәншүктің өлімі оны танитын жандардың  жүрегін жаралап кетті. Жауынгерлер гитлершіл жендеттерден ержүрек батырдың кегін алуға серт берісті.

«Жылдар өтер, ғасырлар алмасар. Алайда Отаны Кеңес Одағының Батыры, сүйікті қызы Мәншүкті ешқашан ұмытпайды. Оның есімі даңқ тұғырында баға жетпес асыл тастай мәңгі жарқырай түсіп, жас ұрпақ оның өшпес рухы алдында әманда тағзым ететін болады», - деп жазды 1944 жылдың  9 желтоқсанындағы санында майдан  газеті «Кутузовец».

Иә, батырлар мәңгі өлмейді. Олардың есімі біздің жүрегімізде, ісімізде, ерлігімізде бірге өмір сүреді.


Саратовқа сапар

Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың жас кезінен-ақ сүйікті мінезімен қатар, өз бойына біткен бір беттілік, өжеттік мінезі де бар еді. Әдептілік ата-ананың тәрбиесі десек, беттілік, қайсарлық табиғаттың өз сыйы тәрізді болатын.

1928 жыл, біз Әмина Мәметова екеуміз Саратов қаласында оқып жүрген кезіміз. Демалыс бітіп, оқуға қайтпақшы болдық. Қыстың сақылдаған сары аязы. Жүргелі жатқанымызда кішкене Мәншүкті Әмина өзімен ала келді. «Мынау менің қызым, тәрбиелеп, оқытып, бауырыма салмақшымын» деді.

Кішкене қызды қарт әжесі, туыстары аттандырмақшы болып ере келді. Поез жүруге әзір тұр. Үлкендердің бәрі Мәншүкке көз тікті. Ата-анасының бауырында бұла боп өскен бөбек кетер жерде бір сыр берер дестік. Жоқ, олай болған жоқ. Жүзінде зәредей өзгеріс те болған жоқ, нені болсын түсініп, біліп істейтін естияр адамдай жүріп кетті. Онда ол 7 жаста еді. Өзінің тәтті тілі, сүйкімді мінезімен ол бізге жол қысқартушы болды.

Покровскийге келіп поез тоқтай қалды. Саратов бұл жерден 12 километр. Екі ортасында аты-шулы Ақеділдің айдын мұзы. Кей жерлерінде шоқ-шоқ боп қатқан мұздақ қарлар. Солардың араларын қуалай тартқан бұраң жолға түсіп тартып отырдық. Мәншүк нақ ортамызда. Желіккен пар ат алып ұшып келеді. Бір дөңестеу қарлы мұздан аса бергенде соқпаққа ұрылған шана төңкеріліп барып, ауып түсті. Отырғандар ұшып-ұшып кетті. Кішкене Мәншүк үш домалап барып тоқтады.

Болашақ батырдың сондағы мінездерінің өзі де, қазір ойласаң сүйекке біткен ерлік қасиеттің нышаны тәрізді.

Хамит Шурин,

«Социалистік Қазақстан» 08.03.1944 ж.

(М.Мәметованың бала кезінен естелік)


 

Жемчужины фонда

Продажа билетов

Архив

Апрель 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 1 2 3 4 5

Схема проезда

Социальные сети

       

Copyright © 2011-2019. Западно-Казахстанский областной историко-краеведческий музей