Туған жер

Баһадүр батыр Бөкенбай

     Бөкенбай батыр – ел бастаған көсемдігімен, қол бастаған батырлығымен, елін ұйыта білген сөз бастаған шешендігімен болсын, адамгершілікті парасат тұрғысынан болсын өзінің көптеген замандастарынан ілгері жаратылған өз заманының жарық жұлдызы, біртуар ұлы.

     Бөкенбай Қарабатырұлы даңқты қолбасшы, айбынды саясаткер ХVII ғасырдың соңы мен ХVIII ғасырдың 40-шы жылдарына дейін қазақ елінің аумағында, соның ішінде Кіші Жүз жеріндегі саяси істерге белсене араласқан аса беделді тұлғасы.

    Бөкенбай батыр 1667 жыл шамасында дүниеге келген. Нақты туған жері белгісіз, дегенмен Елек, Шыңғырлау немесе Үстірт пен Ырғыз аралықтарында дүниеге келген деп жорамалдауға болады. Тарақты Табынның Жиембет бөлімінен тарайды. Әкесінің есімі Бисембі, ол да батыр болған, ел арасында Қарабатыр атанып кеткен.

    Бөкенбайдың өз жеке бас ерлігімен, батырлығымен атының шыға бастауы шамамен XVII ғ. соңында болуы керек. Кез келген батырдың атын шығаратын көбіне оның жас күнінде көрсеткен ерлігі, не шайқас алдындағы жауымен шығатын алғашқы жекпе-жегі еді. Бұл тұрғыда Бөкенбайдың жас кезі туралы көп дерек жоқ, бірақ ол да жас Әбілқайыр сияқты ақтабаннан көп бұрынғы Еділ қалмақтарымен соғыстарда көзге түскендігі сөзсіз. Кіші жүздің басқа да батырларымен бірге талай рет қол бастап, қиян-кескі ұрыстар нәтижесінде қалмақтарды Жайықтың арғы жағына ығыстырып, қазақ жерін жаудан босатуға айрықша үлес қосады.

Оның атын алты алашқа мәлім қылған 1710 ж. өткен Қарақұм бойында өткен бүкілхалықтық құрылтай, дәлірек айтқанда сол жиында сөйлеген жалынды сөздері еді.

Табын Бөкенбай батыр билердің ортасына атып шығып, үстіндегі өз киімін өзі жырта, қылышын жоғары көтеріп: «Уа, ағайын! Жауларымыздан кек аламыз, қасық қанымыз қалған­ша шайқасып өлеміз! Ауылдары­мыз­дың күл болып, қыздарымыз­дың күң болғанына қалайша төземіз. Қоян секілді қашқанша, шайқаста өлген артық. Мініңдер атқа, еріңдер соңымнан…» деген сөздерімен беттері қайтып, ең­сесі түскен жұртшылықты дүр сілкінтеді.

      Бөкенбайдың сөздері жиналған елге қатты әсер етеді, олардың рух-жігерін көтереді. Деректе айтылғандай, осы оқиғадан соң барлығы оның кеңесімен жүруге ант еткен, халықтың ынта-жігерінің артқандығы сондай, тіпті кейбір билер анттың беріктігі үшін өздерін-өздері жаралап, өзіндік ырым-жоралғылар істеген. Ақбоз атты құрбандыққа шалып, алдағы жеңістердің кепіліне құдайға құлшылық еткен. Ең бастысы, осы ұлы жиында жиналған халықтың игі жақсылары – билері, батырлары мен төре-сұлтан тұқымы Әбілқайырды хан сайлап, Бөкенбай батырды ерекше алғыс сезімімен бүкіл қазақ қолының Бас Қолбасшысы етіп тағайындайды.

 

Тіленші Бөкенбайұлы

         Тіленші Бөкенбайұлы (ХVІІІ ғ..) – батыр. Бөкенбай батырдың кіндігінен тараған Тіленші есіміне әдетте би деген сөз қосып айтылады. Ол Кіші жүз қазақтарының қарулы қозғалысында әйгілі Сырым батырдан кейінгі танымал тұлғалардың қатарында тұр.

        Тіленші халқының азаттығы үшін күресте атқа мініп, соңынан жаужүрек ұлдарды ерте білген, тура айтатын билігімен, елге мәлім ерлігімен танылған қайраткер.

Тіленші батырға қатысты мәліметтер орыс әкімшілігінің қазақ-орыс қатынасына қатысты ақпараттарымен қатар ауыз әдебиетінде – батырлар жырында да сақталды. Тіленші батырға байланысты деректер «Асау Барақ» жырында мол. Тіленші батырдың есімі қазақ жерлері Ресей империясына қосылғаннан кейінгі империяның өзінің отарлық саясатын бастап жүргізе бастаған кезеңдеріндегі азаттық күресі жылдарында, әсіресе Сырым Датұлы бастаған көтеріліс жылдарында тарих төріне шықты. Бұған дейінгі кездерде Жетірудың бас биі болған тұсында Тіленші батыр екі бірдей азаттық соғысына қатысып, 1773-1775 жж. Е.Пугачевтің және 1783-1797 жж. Сырым батыр бастаған көтерілістерінде көзге түсті.

      1775 жылы патша үкіметі Кіші жүздің жергілікті басқару жүйесіне өзгерістер енгізіп, қайта құрды. Басқару жүйесінде Шекаралық комиссия құрылып, шекаралық линиялар қалпына келтіріліп, оларды бақылауда ұстайтын қарулы әскердің саны көбейтілді. 1743, 1747, 1759 және одан кейінгі жылдары «олар бұдан былай іс-қимылдарға бармас үшін зұлымдар мен бүлікшілерге қарсы әскери жорықтар ұйымдастыру» жайында шешімдер қабылдайды. 1785 жылдың басында Барақ батыр 2000 сарбазымен, Табын Бөкенбайұлы Тіленші батыр 1500 адамымен Сырым тарханға қосылған. Зерттеулер 1785 жылы Датұлы Сырымның өз жасағында 2700 адам болғанын көрсетеді. Тіленші және Барақ батырлар бастаған 3500 қол келіп, Сырым батырдың өзіне қараған ауылдардан 3500 адаммен Сырым сарбаздарының саны 7000 адамды құраған. Қозғалыстың негізгі орталықтары Байбақты, Табын, Тама руларының ұлыстары болды. Смирнов отрядына Ембі өзенінің бойында «Байбақты, Кете, Шекті, Табын, Шеркеш, Таз, рулары Сырым, Барақ, Тіленші деген атақты батырларының басшылығымен жиналып жатыр, Сырымның жанында 2700, Барақтың жанында 2000, Тіленшінің жанында 1500 адам бар» деген хабар келеді. 1784 ж. 24 наурызында табындар ауылдарын талқандап, екі мыңнан астам жылқысын айдап әкеткен Назаровтың отрядына Тіленші, Барақ батырлардың жасақтары қарсы тұрды. 1785 жылы шілде айында қазақ даласынан келген депутаттар 1784 ж. өлке бастығы болып тағайындалған О.А.Игельстромға хат тапсырады. Кіші жүздегі көтерілістің өршіп, Сырым батырдың елдегі беделінің өскенін көрсеткен бұл хатқа Шекті, Төртқара, Қаракесек, Шөмекей, Табын, Тама, Кете, Беріш, Жағалбайлы, Масқар, Есентемір, Жаппас, Қызылқұрт, Таз, Шеркеш, Байбақты және басқа да Кіші жүз руларының старшындары қол қойған 53 адамның ішінде Табыннан – Тіленші батыр, Байбақтыдан – Сырым батыр, Масқардан – Дөнен батыр болды. Хаттағы талаптары бірдей қанағаттандырылмағанмен де ханды биліктен аластату жайы бойынша 1786 жылы қыркүйек айында Нұралы хан орнынан алынып, ордада старшындар съезі шақырылды. Жиылыста Табын, Кердері және Тама руларының старшындары сайланып, Тіленші батыр Табын руының бас старшыны болып тағайындалды.

 

Жоламан Тіленшіұлы

        Жоламан Тіленшіұлы – қазақ халқының 19 ғасырдың І жартысында Шыңғырлау ауданы, Алмаз ауылдық округінің Қаратал мекенінде өмір сүрген. Қол бастаған батыр, табын руының старшыны болған. 20-30 жылдарындағы Ресей империясының отаршыл саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі, халық батыры. Кіші жүз құрамындағы Жетіру тайпалары бірлестігінің табын руынан шыққан. ХІХ ғасырдың 20-жылдарының басында Ресей империясының Орынбор әкімшілігі Елек-Шыңғырлау өзенінің бойындағы табын руының жерлерін тартып алып, бекіністер сала бастайды. Жоламан басында бейбіт түрде келісім жүргізуге тырысты. Ол Елек пен Жайық аралығындағы жерлерді қазақтарға қайтаруды, онда бекіністер салуды тоқтатуды талап етті. Орал, Елек, Бердянка, Құраты өзендерінің бойында 29 бекініс бой көтеріп, ол Жаңа Елек шебі деп аталды. Ресей империясы әкімшілігінің мұндай отарлау саясатына қарсылық білдіріп, Жоламан бастаған бір топ табын руының адамдары 1823жылы, 3 қыркүйекте Орынбор генерал-губернаторы Эссенге хат жолдайды. Ол хатында «Әбілқайыр ханның тұсында қазақтарға Оралдың арғы жағындағы шабындықтарды пайдалану және өзеннің жартысынан балық аулау еркіндігі беріліп еді,  1810 жылға дейін қазақтар бұл еркіндікті кедергісіз пайдаланды, ал кейін Ресей Елек өзенін алып,ірі бекіністер тұрғызып, бұрын берілген жерлерді пайдалануымызға тыйым салды. Ал, біз болсақ,орманы, суыжоқ кең далада көптеген ауылдарымызбен мұқтаждық көріп отырмыз», – деп рұқсат сұрайды. Бұл өтінішті жауапсыз қалдырғанына қарамастан, тағы да хат жолдап, онда қазақтардың наразылығының басты себебін айқын да анық көрсетеді. 1825 жылы Орынбордан шыққан жазалаушы отряд Шыңғырлау өңіріндегі қазақ ауылдарын шауып 195 адамды өлтіреді,125 адамды тұтқындайды. Жоламанның туған туыстары да қолға түсіп, Сібірге жер аударылады. Қазақтардың жер мәселесін қарайтын комиссия төрағасы Шерғазы хан олардың бұл талаптарын заңсыз деп танып, наразылық қимылдарына қарсы әскер күші қолданылатынын ескертеді. Мұндай өктем жауап Жоламан батыр бастаған табын руы қазақтарының қарулы көтеріліске шығуына түрткі болды.1835 жылға қарай олардың қатарына Алшынның: Байұлы (Адай, Жаппас, Алтын, Шеркеш және т.б.), Жетіру (Табын, Жағалбайлы, Тама), Әлімұлы (Төртқара, Шекті) және Орта жүз Арғың, Қыпшақ тайпаларының адамдары қосылып, көтерілісшілер саны 4500 жетті. Көтерілісшілерге қарсы Орынбор әкімшілігі арнайы әскери бөлімдер жіберіп, көтерілісті басып тастауға күш салды. ХІХ ғасырдың 30-жылдарының ортасынан бастап Жоламан батыр Кенесары Қасымұлы жасағымен бірігіп, отаршыл саясатқа қарсы күрес жүргізеді. Кенесары қолы оңтүстікке қарай бет алғанда Жоламан батыр бастаған көтерілісшілер тобы ыдырай бастайды. ХІХ ғасырдың 40-жылдарының басында Жоламан батырдың өзі Бұхараға қоныс аударады. Жоламан батыр атақты Бөкенбай батырдың немересі.

 

Көшелек Еламанұлы

            Белгілі ақын, жырау Еламанұлы Көшелек (шын аты Көшмұқамбет) 1874 жылы Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданында, кедей отбасында дүниеге келген. Оның жас шағы жоқшылықта өтеді. Өлеңге, сөзге шеберлігі жастайынан байқалады, домбыраны да жастай үйреніп, құмарта тартады.

      Он алты – он жеті жас шамасында Қобда, Елек, Шыңғырлау жерлеріне аты жайылған домбырашы, әрі жырау Жалмағамбет Сағынтайұлына (1830-1910) еріп жүріп, одан көптеген өлең-жыр үйренеді. Той, жиындарда өзі де жиі-жиі жыр айта бастайды. Оның ақындығына, зеректігіне риза болған, сүйсінген халық еркелетіп Көшелек деп атап кетеді. Кейін елге осы атымен танымал болады. Көшелек Жалмағамбеттен және одан және белгілі жырау-жыршылардан Ноғайлы батырлары жайлы көптеген жырлар үйренеді. Жасы отызға іліккенде Көшелектің аты алысқа жайылып, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау өңірі мен Орынбор атырабындағы, Башқұрстан жеріндегі үлкен тойларға, айтыстарға шақырыла бастайды. Алаңсық ел аралар, жыр айтатын кәнігі жырау айналады. Көшелек «Қобыланды», «Орай-Мамайдың» он екі тарауын, «Шора батыр», «Хан Әділ», «Көрғұлы», «Әрайна мен Күлайна», «Ер Сайын» және басқа да көптеген жыр білген. Кейбір деректерге қарағанда Көшелек «Көрғұлы» дастанын үзіліссіз қатарынан жеті-сегіз күн жырлаған. Сондай-ақ, «Орай-Мамайдың» он тарауын екі-үш күн айтқан және жырды айтуды кәнігі жыраулардың дәстүрлі термесімен:

            Тамағымды кенейін,

            Айт Көшелек дегенде

            Сұр жорға аттай желейін.

            Елден шыққан ақынмын, - деп бастайды екен.

            Қазан революциясынан кейін де Көшелек жыр айтуды бәсеңдетпейді, қайта халық көп жиналған жерлерде, үлкен мәжілістерге жиі шақырылып жыр айтып жүреді.

            Кеңес үкіметінің алғашқы жырлары Ленинге, Совет үкіметіне арнап өлеңдер шығарған, бірақ ол өлеңдері кезінде жинақталмаған.

            1920 жылы Қазақ Республикасы құрылып, астанасы Орынбор қаласы болғанда, ҚазақАССР үкіметі басшыларының бірі Әбдірахман Әйтиев Көшелекті Орынборға шақырады. Көшелек Орынборда жыршылармен, Сәкен Сейфуллинмен кездеседі. Өз өлеңдеріне қоса ескі жырлар да айтып береді.

            Көшелек 1921-1925 жылдар аралығында Орынборда бірнеше рет болған. Ұлы Отан соғысы кезінде де көп өлеңдер шығарған, оның біраз өлеңдері 1944-1945 жылдары Батыс Қазақстан облысының жергілікті газеттерінде жиі-жиі жарияланып тұрған. Көшелек Еламанұлы жетпіс жасында 1951 жылы туған жері Шыңғырлауда дүние салады. Қазіргі таңда Көшелек жырау ұрпақтары Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылында тұрып жатыр.

 

Төбетов Нармағамбет

             Төбетов Нармағамбет 1856 жылы дүниеге келген. Кіші жүздегі Жетіру бірлестігі құрамындағы Табын руының Жиембет бөлімінен шыққан. Жосалы өзенінің бойында кіндік қаны тамған. Әкесі – Төбет, атасы – Баянас. Нармағамбет Төбетов Шыңғырлау ауданында Сырым, Қаратөбе аудандарымен шектесетін өңірде 18 жыл болыс болған. 1932 жылға дейін өмір сүріп, ел арасында үлкен беделге ие болған. 1925 жылы кеңес үкіметінің саясатын түсініп, мал-мүлкін кедейлерге үлестіріп беріп, кәмпескеге ұшырамаған. Нармағамбет Еуропа мәдениетімен де жақсы таныс болған секілді. Киім киісі сол үлгімен және сауатты болған. «Айқап» т.б. газет-журналдарды алдырып оқып отырған. 1905 жылы Столыпин реформасы кезінде Украинадан келген «Ново-Петровка», «Лубенка» деген елді мекенді тұрғызған орыс-украин мұжықтарымен араласып, тұрғын үй салудың жаңа әдістерін қандастарына үйреткен. Мал баққан қазақты егін салуға баулып, суландыру-мелиоративтік жұмыстарына халықты жұмылдырған. 1921, 1932 жылғы аштықтарда Нармағамбетке қараған ел тарықпаған – тары егіп, артылғанын Атырау жеріне апарып, тұзға, кептірілген балыққа айырбастап отырған.

            Сарқыраманың бастауында 1908 жылы Нармағамбет болыс 2 кластық мектеп ашқан, қарапайым кедей балалары үшін сауат ашуға көп еңбек сіңірген.

            Нармағамбет мал, әсіресе, жылқы суару үшін қар мен жаңбыр суы жиналатын арнайы бөгеттер салдырған. Сол бөгеттердің екі-үшеуі әлі күнге дейін сол қалпында сақталған. Кей жері мүжілгенмен, көктемде жиналған қар суын тоғанға толтырып, халыққа қызмет етіп тұр. Халық оларды «Нармағамбет бөгеті» деп атайды.

            Қарттардың айтуынша, қазіргі Қарағаш орман шаруашылығының ағаштарын да Нармағамбет ектіріпті.

 

Есқалиев Сүндетқали

             Шыңғырлау ауданындағы Сұлукөл ауылында туып өскен ол 1942 жылы 18 жасында қан майданға аттанады. Әскерде полк мектебін бітірген соң 556-атқыштар полкінде автоматшы болады. 1942 жылдың шілде айынан ұрысқа кіреді. Белорус майданының 169-атқыштар дивизиясы құрамында талай ірі шайқастарды өткізген қатардағы жауынгер 1944 жылы 24 маусымға қараған түні Могилев облысының Быховск ауданы Лудчицы елді мекені маңында жау қорғанысының алғы шебін алғашқылардың бірі болып бұзып кіреді. Сақадай-сай қамданған, бұл араны мықты бекініске айналдырған жау дзоты шабуылға шыққандарды баудай қырқып түседі. Жауынгерлерге бас көтертпеген ажал амбразурасы жүйелеп атып, шабуылшыларды көп шығынға батырып, арасын сетінетіп тастайды. Осындай жанталас сәтте жау бекінісіне байқатпай жақындап келген Сүндетқали оған граната лақтырады. Әрі асып түскен граната жау пулеметінің үнін өшіре алмайды. Өзі де ауыр жараланған Сүндетқали «Отан үшін, ел үшін» деп ұрандап қарғып тұрып, сол екпінімен сақылдап тұрған дзоттың аузын денесімен жабады. Қақалып барып, тұншыға үні өшкен дзотты құшып жатқан қайран қазақтың, қандыкөйлек достың ерлігі рухтандырған бөлімше үлкен ұрысты бастап жіберіп, жауды тасталқан етеді. Кейін қаза тапқан қазақтың ер ұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ержүрек жауынгер Лудчицы селосында жерленген. Жергілікті халық туған жерлерін жаудан құтқару жолында жанын қиған қыршын ерді үлкен құрметпен ардақ тұтады. Быхов ауданының «Могучий партизан» ауылында ескерткіш орнатылған. Сүндетқали Есқалиевтің аты Минск қаласы мен Быховск көшелеріне берілген. Минск көшесінде ескерткіш-тақта орнатылған. Орал облыстық телестудиясы «Батырдың анасы» атты (Белоруссия жеріндегі ұлының зиратына барып келген батырдың анасы туралы) деректі фильм түсірді.

 

Тихоненко Андрей Яковлевич

             Андрей Яковлевич Тихоненко 1912 жылы 12 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданының Лубенка ауылында дүниеге келген. А.Тихоненко балалық шағынан тағдыр тауқыметін көп көрген. 1919 жылы Андрейдің ата-анасы сүзек ауруынан қайтыс болып, Андрей екі әпкесімен үлкен ағасы Иосифтың қолында тәрбиеленеді. Балалық шақтың қызығына қанып үлгермеген Андрей ауыр жұмыстарға араласып, 12 жасынан егістікте атпен, өгізбен жер жыртып, шөп шауып, егін жинайды. Апасы Костенко Ольга Яковлевна інісі туралы: «Бала кезінде балық аулап, сырнай тартуды, ән салғанды ұнататын еді» деп еске алады. Әсіресе Ворошилов туралы әнді жақсы көрген, сондықтан болар оны бала кезінде «ворошиловец» деп атап кеткен. 1935 жылы трактористтер курсын аяқтаған соң «Красная звезда» колхозында еңбек етеді. Колхозда ете жүріп қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, ауыл тұрғындарының сауатын ашуға көмектесіп, көркемөнерпаздар қатарында да өнер көрсетеді. 1939 жылы тракторшылар бригадасының бригадирінің көмекшісі етіп тағайындалады. Осы қызметімен қатар есепші қызметін де атқарады.1941 жылдың 24 маусымында армия қатарына шақырылады.

            1941 жылдың маусымынан 3-Беларусь майданы, 5-армия 159-атқыштар дивизиясы, 631-атқыштар полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан.

            Пуни-Неманның батыс бетіндегі Литвадағы кішкене ғана қала, мұнда 1944 жылдың 15 маусымында күшті ұрыс болды. Осы қарбалас, қаракөлеңке шақты пайдаланып, өзінің пулеметімен Андрей Тихоненко өзеннің жау бетіне өтті. Рузян селосына таянған шақта үйдің төбесіне қойылған, жауынгерлерге ажал отын сеуіп тұрған жау пулеметіне көзі түсті. Андрей Тихоненко сол мезетте оқ жаудырып, оның үнін өшірді. Тыныштық орнаған аз ғана уақытты пайдаланып, бөлімшелер өзеннен өтіп маңызды шепке орналасты.

Аздап есін жинағаннан кейін жау қарсы шабуылға шықты. Алайда Андрей Тихоненко абыржыған жоқ. Немістерді әбден жақындап оқ астына алды. Бірақ шептегі көршілес пулеметтердің үні өшті, оның жолдастары оққа ұшты. Жалғыз пулеметшіні жау қоршай бастады. Андрей Тихоненко жараланды. Немістер жақындап келе бергенде ол қолындағы гранатты жарып жіберді. Ержүрек жауынгерге Ленин ордені, Алтын Жұлдыз белгісі мен оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының Жарлығымен 1945 жылдың 24 наурызында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан кейінгі 20 жыл ішінде де Лубенка ауылының тұрғындары өз жерлестерінің қай жерде қаза тауып, қай жерге жерленгенін білмеген еді. Тек Литва жерінің Рудзиян төбешігін зерттеуге келген Вильнюс өлкетанушылары ғана осы арадағы айқас ізін ашып, жергілікті сол шайқасты ұмыта алмаған тұрғындар мен тірі куәлар дерегіне сүйене отырып, мән-жайды түгел анықтаған еді. Олар тапқан белгісіз сарбаз дерегі біздің жерлесіміз А.Тихоненко болып шықты. Бүгінде Лубенка ауылында батырға ескерткіш орнатылып, көшеге аты берілген. Шыңғырлау ауданы орталығындағы көшеге де батыр есімі берілген.

 

Мұхамбетов Бисенғали

             Бисенғали Мұхамбетов 1908 жылы Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Лубен ауылында дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылады.

            1942 жылы майданға аттанған ол талай ерліктер көрсетіп, сын сағаттардан өтеді. 1943 жылдары жерлесіміз Бисенғали Мұхамбетов Оңтүстік-батыс, 3-Украин, 1-Белорус майдандарына қатысады. Үш рет жараланады. 1944 жылы 1 тамызда Бисенғали қызмет ететін 79–гвардиялық Запарожье дивизиясы Висла өзеніне шығады. Өршіленген жау қатты қарсылық көрсетіп, кеңес әскерлерінің шабуылын тойтару үшін батыстан жаңа дивизияларын әкеліп, осы жерге төге бастайды. 227–гвардиялық атқыштар полкінің, бірінші атқыштар батальонының автоматшылар ротасының қатардағы гвардия жауынгері Б.Мұхамбетов қандыкөйлек достарымен бірге алғашқылар қатарында поляк елінің ұлы өзенінен жүзіп өтеді. Жау жағының қарсы шабуылы, үсті-үстіне төбеден төгілген бомбасы, тынымсыз атқылаған артиллерия мен миномет соққысы тоқтата алмаған Запарожье дивизиясының гвардияшылары өзеннің батыс жағалауынан қуатты плацдарм құрады. Жанталасқан жау қорғанысын қирата бұзып, дивизия алға жылжи береді. 2 тамызда ірі шабуыл үстінде өзінің ерен қимылымен жолдастарына үлгі болған ол қаруластарын соңынан ерте Железна-Стара селосына жау шебін бірінші болып бұзып кіреді. Висладағы осы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады. 1945 жылы жақсы орныққан жау бекінісіне бұзып кірген бөлімшенің алдыңғы қатарында ол тар жерде төрт дұшпанды қолма-қол айқаста сұлатып салып, сол күні автоматшылармен бірге жау шебін айналып өтіп, дұшпанның ту сыртынан тап береді. 8-гвардия әскерінің командирі оны осы көзсіз ерлігі үшін ІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапаттайды. Тағы бірде Одер өзенінің батыс жағалауындағы Хатенов елді мекені үшін болған ұрыста қайсар жүрегі, ерен ерлігі үшін 1945 жылдың 31 мамырында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы жарлығымен І дәрежелі Даңқ орденімен марапаттайды. Сөйтіп, жерлесіміз Б. Мұхамбетов солдат ерлігі ордендерінің толық иегері болды. Соғыстан кейін елге оралып, 12 жыл Қарағаш ауылдық советінің «Ақши» ұжымшарын басқарды. 1966 жылы ел үшін туған ердің жүрегі мәңгі тыншу тапты.

                                                    

Шевцов Георгий Григорьевич

             Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, гвардия кіші сержанты Георгий Григорьевич Шевцов 1908 жылы Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданында дүниеге келген. 1941 жылдың маусымынан бастап Ұлы Отан соғысына қатысады. 1944 жылы 21-гвардиялық бригада Румынияда, Шығыс Карпат төңірегінде кескілескен ұрыстар жүргізіп жатты. Взвод командирі лейтенант Буаманның экипажы фашистердің Серет өзеніндегі көпірді қиратуына жол бермеуге бұйрық алды. Экипаж құрамында Георгий Григорьевич Шевцов та болатын.

            Көпірге барар жолда ұрыс қыза түседі. Бірде танкінің оң жағынан, бірде сол жағынан шаң мен топырақ бұрқ етеді. Арпалыс ұзаққа созылады. Ақыры танк жаудың соңғы батареясын да жаныштады. Артынша атқыштар бөлімшесі жетті. Көпір астына көмілген мина зиянсыз етілді. Қопарылыс қаупі жойылды.

            Георгий Григорьевич Шевцовтың жеке ерлігі, асқан батылдығы көпір үшін болған ұрыста танк экипажына дұшпанның үш «Т-40» танкісін, екі өздігінен жүретін зеңбірегін, бір танкке қарсы батареясын және ондаған солдаттарын құртуға мүмкіндік берді.

            Совет әскерлерінің негізгі плацдармы күн санап ұлғая берді. Румыния, Венгрияның қалалары мен ауылдарын азат ету ұрыстары қыза түсті. Осы ұрыстарда Георгий Григорьвич Шевцов әрдайым батыр қимылдады. Әсіресе, Венгрияның Комарно қаласы мен басқа ірі-ірі елді мекендерін азат етуде ол ерекше көрінді.

            Георгий Григорьвич Шевцов 1945 жылдың 9 қаңтарында Венгрияның Комарно қаласын жаудан құтқаруда ерлікпен қаза тапты.

            1944 жылдың 19-24 тамызында Бырлад, Фокшани, Бузэу (Румыния) қалалары үшін болған шайқастарда көрсеткен ерекше ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Бөрлі ауданының Облавка ауылында мектеп және көшеге Г.Г.Шевцовтың есімі беріліп, бюст орнатылған.

 

Қылышев Лұқпан Қылышұлы

             Лұқпан Қылышұлы Шыңғырлау ауданының бұрыңғы 12-ауылында /қазіргі Шилі/ 1909 жылы 14 наурызда дүниеге келген. Лұқпан аудан орталығынан шалғайда өсті. Ауылда мектептің болмауына байланысты кешігіп оқыды. Алғашқы толық емес орта білімді 20 жастағы жасөспірім Шыңғырлау ауданының орталығында Шилі мектебінен алды. Білім жолына ынта қойған жас 1935 жылы Абай атындағы қазақ мұғалімдер институтына оқуға түсіп, 1935 жылы бітіріп шықты. Оқуын бітірген соң коммунистік партияның жолдамасымен Балхашстройға мұғалім болып барады.

            Осы жерден Орталық комсомол комитетінің жолдасымен Орталық Ғылым Академиясының Қазақстандағы филиалына кіші ғылыми қызметкер болып қабылданды. 1938 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне аспирантураға түседі. Оны профессор С.О.Гребенскийдің басшылығымен 1941 жылы бітіріп шығады. 1942-1944 жылдары ВАСХНИЛ – Қазақ филиалының өсімдіктер уы лабораториясының жетекшісі болып істеген. 1944 жылы Қазақ Ғылым Академиясы өз алдына бөлінген кезде Ботаника институтында бірінші болып өсімдіктер биохимиясы лабораториясын ашады. Келешегінде осы лаборатория дами келе жаңа бағытта «Молекулярлы биология және биохимия Институтының» ашылуына негіз болады. 1945 жылы «Итсигекті мәдени өсімдіктер қатарына енгізу мен қолданудағы биологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттығын, 1957 жылы «Итсигекті мәдени өсімдіктер қатарына енгізу мен қолданудағы биологиялық ерекшеліктері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. 1958 жылы Қазақстан ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды, 1960 жылы профессор атағы берілді. Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері атағын 1974 жыл алады.

            Лұқпан Қылышұлының құрған биохимик мектебінде ғылыми жетекшілік етуінің арқасында 25 ғылыми кандидаты, 5 ғылым докторы шыққан. Басылымда 500 ғылыми еңбектері жарық көрген, оның ішінде 5 монография, 2 авторлық куәлігі бар. Жемісті еңбектері үшін «Құрмет белгісі» және «Халықтар достығы» ордендерімен, өзге де медаль, құрмет грамоталарымен марапатталған.

 

Байғалиев Қайырғали

             Байғалиев Қайырғали- 1953 - 1955 жылдар аралығында Қазақ ССР-нің қазақ ұлтынан алғашқы Мәдениет министрі болған адам, қоғам қайраткері. Осы қызметін сол кездегі Қазақ ССР-і Сыртқы істер министрлігінің басшысы міндетімен қатар атқарған.

Ол- 1916 жылы Шыңғырлау ауданы, №12 ауылында (қазіргі Тіксай ауылы) дүниеге келген. Ата- анадан ерте айрылған бала Қайырғали 1932-1936 жылдарда өзіндей жетім балалармен бірге балалар үйінде тәрбиеленеді. 7 жылдық мектеп білімін алған соң, Орал педагогикалық институтының жұмысшы факультетіне түсіп, одан әрі осы оқу орнының филология факультетін оқып, бітіреді.

Қ.Байғалиевтың еңбек жолы 1941 жылдан бастау алады. Әуелгі қарқында Батыс Қазақстан облыстық комитетінің жауапты қызметінде болып, кейінірек Қазақстан Компартиясының орталық комитетіне ауысады. 1944-1946 жж. Мәскеудегі СОКП ОК жанындағы жоғарғы партия мектебін бітіреді. 1946-1950 жж. Көкшетау облысының партия комитетін басқарады. 1950 жылы Қазақ КСР министрлік Кеңесі жанындағы мәдени-ағарту мекемелері жөніндегі комитет төрағасы, 1951 жылы Қазақстан КП ОК-нің көркем әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

            Тағдыры тас жетімдіктен бастау алып, өмір тауқыметін көп тартқан Қайырғали Байғалиев өз болмысындағы еңбексүйгіштігі мен білімге деген ерекше ынтасы мен жігері және жоғары адам­гер­шілігінің арқасында биліктің талай шыңдарын бағындыра білген еліміздің ерекше тұлғаларының бірі болды. Оның өмірі «Ізденген жетер мұратқа...» дейтін халықтық қанатты сөздің  нақты дәлелі болатын. Адамгершілік пен парасаттылыққа суарылған білікті азамат мемлекеттік қызмет сатысымен жоғары өрледі, 1953 жылы алғашқы қазақ Мәдениет министрі болып тағайындалды және сол жылы Сыртқы істер министірлігіне де басшы болып келді. Қос қызметтің тізгінін тең ұстаған ол осы жылдарда еліміздің мәдениетін шетелдіктерге паш ету, қазақ халқының болмысы, рухани әлемін таныту тұрғысында маңызды жұмыстар жүргізіп, дипломатияның аса қажетті бір құрамдас бөлігін абыроймен атқарады.

            Өмірінің соңғы жылдарында «Қазақфильм» киностудиясын басқарған. 1962 жылы қаңтар айында қайтыс болды.

1997 жылы Алматыда Байғалиев Қайырғали тұрған үйдің (Достық даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысы) қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған.

 

Қуантаев Молдағали

             Қуантаев Молдағали 1913 жылы Шыңғырлау ауданының Тасбұлақ елді мекенінде дүниеге келген Социалистік Еңбек Ері. Еңбек жолын ауылдық кеңесте хатшы болып бастады.

            1932-1942 жылдарда Ақтөбе облысының «Жиренқопа» совхозында, Орынбор қаласының зауытында жұмысшы болып істеген.

            1942-1943 жылдарда Ұлы Отан соғысына қатысты.

            Молдағали Қуантаев армия қатарынан босаған соң Ақтөбе облысында «Қазақстанның 15 жылдығы» атындағы совхозда зоотехник болып істеді.

            1945 жылы ол Орал облысының Шыңғырлау ауданындағы «Красный партизан» колхозына төраға болып сайланады. Елімізде тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталғалы М.Қуантаев ауыл шаруашылығының білгірі және шебер ұйымдастырушысы ретінде танылған басшы болатын. Ол басқарған колхоз Шыңғырлау ауданындағы ірі шаруашылықтардың бірі саналып, ауылшаруашылық өнімдерін мол өндіріп, облыстағы таңдаулы шаруашылықтардың біріне айналды. Колхоздағы егістік жер көлемін тың жерлерді игеру арқылы ұлғайтуды колхоз басқармасы өздеріне басты міндет етіп қойды. Егістік жер көлемін ұлғайту және агротехниканы жақсарту нәтижесінде 1956 жылы астық бітік шығып, колхоз 96 мың тонна астық жинап, 60 мың тоннасын мемлекетке тапсырды. СССР жоғарғы  кеңесі Президиумының 1957 жылғы 11 қаңтардағы қаулысы бойынша тың және тыңайған жерлерді игеру ісіне қосқан үлесі үшін М.Қуантаевқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. М.Қуантаев 1961 жылы зейнет демалысына шығып, 1993 жылы дүниеден озды.

 

Василянский Валентин Сергеевич

 1918 жылы Украиндағы Донецк облысы Амросиев ауданының Николаевка ауылында дүниеге келген. 1939 жылы  Ясиноватский атындағы темір жол  техникумын бітіргеннен кейін, Сталин облысындағы Иловайский депосында паровоз машинист қызметін атқарды, сол жылдың қыркүйек айында әскери қызметке Қызыл Армия қатарына шақырылады.

1941 жылдың 23 маусымында Ұлы Отан соғысына аттанады. Әскери жолын артиллерия жабдығының жүргізуші ретінде өтті, соғыс аяқталу кезеңінде 53-ші армиясының 31-ші жеке жоюшы-танкке қарсы артиллериялық бригадасының бөлімінің командирі болып, үш рет жарақат алады. Валентин Сергеевич «Қызыл Жұлдыз» орденімен (02/08/1944), «Ерлігі үшін» медалімен (27.04.1945)  және «Әскери еңбегі үшін» медалімен (05/04/1944) марапатталды.

1946 жылы әскерден босатылғаннан кейін сержант Валентин Сергеевич Василянский еліне оралады, содан кейін Сталин облысының «Металлист» совхозында жүргізуші, Одесса облысының Пригородный ауданында орман қорғау станциясының механик қызметін атқарған.

Тың және тыңайған жерлерді игеру басталғанда Валентин Сергеевич ойланбастан бірден Қазақстанға аттанады. Ол сол кезде-ақ көпжылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі механизатор болатын. Шыңғырлау МТС-дағылар жаңа механизаторды қуана қарсы алып, оған трактор бригадасын сеніп тапсырды. Бригада негізінен Украинадан, Кострома облысынан тың игеруге келген жастардан құралған еді. Бастапқыда қиыншылықтар өте көп кездесті, бірақ бұл қиыншылықтар комсомол түлектерін жасқандыра алған жоқ. Жастар тату-тәтті, табандылықпен жұмыс істеді. Валентин Сергеевич оларды тастүйін бір ұжымға біріктіріп, жанқиярлық еңбек етуге жұмылдыра білді Оның Украина және Кострома облысынан тың жерлерді игеруге келген жастардан тұратын № 9 бригадасы, келген жылда 4000 га жаңа жер көтерді. 1956 жылы «Қазақстанға 30 жыл» колхозында Василяский бригадасының  механизаторлары әр гектардан 12 центнерден астық жинап алды.

Тың және тыңайған жерлерді игеру, және жоғары кірістілік жұмыстарына жасалған көрнекті жетістіктері үшін 11 қаңтардағы 1957 жылғы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Василянский Валентин Сергеевич  Социалистік Еңбек Батыры атағына ие болды, Ленин ордені және «Орақ пен балға»  алтын медалімен марапатталды. 1957 жылдың 11 қаңтарында «Ленин» орденімен марапатталады.

1961 жылдан бастап, Қызылкөл астық шаруа қожалығының машина-трактор шеберханасында темір ұстасы болып жұмыс істеді.1961 жылдың қараша айынан 1962 жылдың мамырына дейін Украинаның Донецк облысында болып, 1962 жылы Қазақстанға оралып 1992 жылғы шілде айына дейін Орал облысында тұрған.

 

Ержанов Манат Бақытұлы

             1929 жылы 10 мамырда Шыңғырлау ауданының Киров ауылдық кеңесінде дүниеге келген социалистік еңбек ері, 1946 жылы «Ащысай» совхозында жұмысшы болып еңбек жолын бастайды. Ал, 1948 жылы ауылшаруашылығын механикаландыру мектебін тамамдаған соң шаруашылықта тракторшы болып істейді. Арада біраз жыл өткен соң Манат Ержанов «Ащысай» совхозының № 3 трактор-егіс бригадасының бригадирі болып тағайындалды.

            Еңбектегі ерен табыстары үшін әуелі КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медальдарымен, 1967 жылы Ленин орденімен наградталды. Бұдан кейін де Манат Бақытұлы Ержанов басқарған бригада астық өндіруде облыс, республика бойынша таңдаулардың қатарында болды. 1973 жылы 10 желтоқсанда Бүкілодақтық социалистік жарыста көп астық өндіріп, жеңімпаз атанған № 3 трактор-егіс бригадасының бригадирі Манап Ержановқа Социалистік Еңбек Ері берілді.

            М.Б.Ержанов еңсере еңбек етіп жүріп, ауданның қоғамдық – саяси жұмыстарына белсене араласты. Жастардың ұстазы болды. Ол талай мәрте аудандық, облыстық кеңестердің депутаттығына сайланды.

            1971-1989 жылдарда Қазақстан Коммунистік партиясы облыстық комитетінің мүшесі болып, тұрақты сайланып келді. 1971 жылы М.Б.Ержанов СОКП XXIV съезіне делегат болып қатысты.

            Даңғайыр диқан Манат Ержанов 1990 жылдан бері республикалық дәрежедегі зейнет демалысында.

            Манат Бақытұлы 2004 жылы қайтыс болды.

 

Аманғалиев Ақас Аманғалиұлы

 1937 жылы 25 қараша күні Шыңғырлау ауданының Сегізсай ауылында қарапайым жұмысшы отбасында туылған. Ақастың балалық шағы Ұлы Отан соғысының жылдарымен тұспа-тұс келіпті. 1937 жылы туған ол әрбір сол кездің балаларының маңдайына жазылған қиындықты көріп, өскені айтпаса да түсінікті болды. Кішкентайынан алғыр, білуге құмар болып өскен Ақас бастауыш білім алған соң оқуын Шилі орта мектебінде жалғастырады. Мектепте өткен кезеңдерінде оның ұйымдастырушылық, белсенділік, мақсаткерлік қасиеттері айқын сезіледі. Үлкен мектептің комсомол комитетінің секретары болып сайланады. Қоғамдық, саяси жұмыстардың ортасында жүріп, адамдарды танып-білуге қол жеткізеді. Көп кешікпей арманшыл жас жігіт оқуын А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтының филология факультетінде жалғастырады. 1961 жылы институтты  тәмәмдаған  жас маман Лубен орта мектебіне оқу ісі меңгерушісі болып тағайындалады.

Институтта жүрген кезінде де алғыр студент, қоғамдық жұмыстардың белсендісі атанды. Атақты Бөкенбай баһадүрдің ұрпағы Ақас ерлікті, елдікті мұрат тұтты. Осы мақсат оның өмірлік темірқазық жұлдызы болғандай. Шыңғырлау аудандық партия-совет жұмыстарында болып, ауданның комсомол комитетін басқарды. Жақсы жұмыс нәтижесін беріп көп кешікпей Ақас Аманғалиұлы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті оқуына жолдамамен жіберіледі. Осыдан кейінгі барлық саналы ғұмыры аталған комитет жұмысымен тікелей байланысты өсіп, өрлейді.

1967-1969 жылдары  №101 барлаушылар мектебінде білімін арттырады. Осыдан соң Москва қаласында жұмысқа қалдырылады. Тәжірибе жинап, кемелі келіскен жанды көп кешікпей шетелдерде қызмет істеуге жібереді.

Ақас Аманғалиев Индонезия, Малайзия мемлекеттерінде 1970-1980 жылдары еңбек етіп, алып елдің адал перзенті ретінде өзін таныта білген жан. Шетелден оралған соң республикамыздың бірнеше облыстарында басшылық қызметтер атқарады. Лауазымды тұлға ретінде де өзін парасатты, білікті азамат қалпында таныта біліп, көптеген мақтаулар мен марапаттауларға ие болды. Полковник атағын иемденіп, СССР Қорғаныс күштері ардагері атанады. Отбасында  Роза апай екеуі ұрпағын өсіріп, немере-шөбере қызығын көрген жандар.

Ақас ағамыздың елжандылығы керемет болатын. Бөкенбай баһадүрге, оның ұрпақтары Тіленші, Жоламандарға ескерткіш белгі қою, кітап шығару жөнінде көп еңбектенеді. Ақтөбе, Орал қалаларында осы жұмысқа көптеген қолдаушылар тауып, көп шаруа тындырды. Ақтөбедегі жұмыстарынан басқа, Оралда Бөкенбай Қарабатырұлына арналған ғылыми конференция өткізді, Шыңғырлауда да осы іс-шараны жалғастырып, даңқты бабаларымызға ескерткіш белгілер қойылуы осының айқын көрінісі. Қаншама жауапты жұмыстарда болып, талай елдің төрін көрген ағамыз табиғатынан қарапайым, кішіпейіл жан еді.

Ақас Аманғалиев 2013 жылдың наурыз айында дүниеден озды.

 

Телеғұсов Махмұт Өтегенұлы

 Әскери қайраткер, генерал-майор Телеғұсов Махмұт Өтегенұлы 1955 жылы 16 ақпанда дүниеге келген. Балалық шағы Шыңғырлау ауданының Амангелді ауылында өткен. Әкесі Телегусов Өтеген Амангелді астық дайындау пунктінде механизатор, анасы Телегусова Фирдоус Бикитеевна мектепте кіші қызметкер болып қызмет атқарған.

Махмұт Өтегенұлы 1969 жылы Амангелді жеті жылдық мектебінде білім алып, 1972 жылы Ащысай орта мектебін үздіктер қатарында бітіреді. Мектепті бітіргеннен кейін Амангелді астық дайындау пунктінде әкесінің қасында механизатор болып жұмыс жасап, сол жылы Ташкент жоғары жалпы әскери командалық училищесіне қабылданады. Училищені аяқтағаннан соң Ауған соғысына қатысқан. 1977-92 жылдары Қиыр Шығыс, Солтүстік Кавказ және Орта Азия әскери округтерінде взвод, рота командирі, штаб бастығы, батальон командирі болды. Қызмет ете жүріп 1987 жылы «Выстрел» жоғары офицерлер курсын, 1994 жылы Мәскеудегі әскери академияны бітірген.

1989 жылдан бастап Қазақстан Қарулы күштері қатарында қызмет атқара бастайды. 1992 жылы Қазақстан ҚК-нде штаб бастығы, полк командирі (1992-96), дивизия штабы бастығы, дивизия командирі (1996-2001), Шығыс әскери округ әскерлері қолбасшысының қарулану ісі жөніндегі орынбасары (2001-02), ықшам күштер қолбасшысының қарулану ісі жөніндегі орынбасары (2002-04), аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының қарулану ісі жөніндегі орынбасары – қару-жарақ басқармасының бастығы (2004-06) қызметтерін атқарды.

2000 жылы 7 мамырда М.Телеғұсовқа генерал-майор шені беріледі. 2006 жылдан денсаулығына байланысты демалысқа шыққан Махмұт Телеғусов Республикалық «Генералдар кеңесі» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары қызметін атқарып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. М.Телеғұсов бірнеше медальдармен марапатталған.

Манкеева Жамал Айтқалиқызы

             Профессор Жамал Айтқалиқызы Манкеева 1950 жылы Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Шілік кеңшарында дүниеге келген. 1967-1972 жылдары қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып, үздік бітірді. Көрнекті тілші ғалым Ы.Мамановтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі «өлі» түбірлер» тақырыбында бітіру дипломын қорғады және университеттің қазақ тілі кафедрасына аспирант (1973-1976) болып қабылданды.

            Жас ғалым 1977 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына жұмысқа орналасады. Міне, содан бері табан аудармастан А.Байтұрсынұлы атын иелеген ғылыми-зерттеу институтының  Тіл мәдениеті, Лексикология және Этнолингвистика бөлімдерінің ғылыми қызметкері, бөлім басшысы болды.

            Академик Ә.Қайдаровты кеңесшілігімен «Реконструкция «мертвых» корней глагольных основ казахского языка» тақырыбында кандидаттық диссертация (10.02.06 – түркі тілдері; 1987 жыл) және «Қазақ тіліндегі мәдени лексика» тақырыбында докторлық диссертация (10.02.06 – түркі тілдері; 1997 жыл) қорғады.

            Әр жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттерінде дәріс оқып, доцент, профессор атанды. Тіл білімі институты мен аталған университеттердің мамандандырылған диссертациялық Кеңесінің мүшесі болды және өзінің тікелей жетекшілігімен 30-ға таяу жас ғалым ғылыми атақ иеленді.

            «Реконструкция «мертвых» корней глагольных основ казахского языка» (1991), «Мәдени лексиканың ұлттық сипаты» (1997), «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері» (2008), «Қазақ тіліндегі байырғы түбірлерді жаңғырту» (2010), «Қазақ филологиясы: егіз негіз» (Проф. З.Бисенғалимен бірге; 2010) атты зерттеу кітаптары жарық көрді.

            Көптеген ғылыми жинақтардың редакциялық алқасының мүшесі және жауапты редакторы, соның ішінде он бес томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігіне» де үлес қосты. Лингвистикалық «Тілтаным» журналының (2001 жылдан бастап) жауапты редакторы.

            Профессор Ж.Манкееваның тырнақалды зерттеулері қазақ тілінің тарихи және салыстырмалы морфологиясын терең танып-білуге айтарлықтай үлес қосты. 1970-80 жылдары академик Ә.Қайдаровтың басшылығымен Тіл білімі институтында бірнеше жас ғалым тіл (сөз) тарихы мәселелеріне бел шеше кірісіп, «түбіршілер тобы» атанған болатын.

 

Қожахметова Клара Жантөреқызы

 Клара Жантөреқызы 1951 жылы Шыңғырлау ауданының Ащысай кеншарында дүниеге келген. Мектепті үздік тәмамдап Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетінде химия, биолигия бөлімін жақсы аяқтайды. Білімін бойына жиған жас маман туған жеріне келіп, алғашқы ұстаздық жолын Белогор мектебінде бастайды. 1981-1983 жыл­да­ры Алматы қаласының №67 мектебінде директордың орынбасары, Республика Мұғалімдер білімін жетілдіру институттында әдіскер, кафедра меңгерушісі (1983–2002), Қазақ білім академиясында тәрбие мәселелері институттының директоры (2003–05), 2005 жылдан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеттінде проректор қызметтерін атқарған.

Ғылымға Республикалық білім жетілдіру институтына келгеннен кейін ден қояды. Мектептегі мол тәжірибесін ғылым таразысымен екшеп, ойлы мақалалар мен зерттеулер жаза бастайды. Оның жазған көптеген ғылыми еңбектерінің ішінен «Қазақ этнопедагогикасы: әдіснама, теория және практика» және «Методология общей и этнической педагогики в логико-структурных схемах» деген монографиялық еңбектерін атауға болады. Осы салада сан алуан зерттеулер жүргізе отырып, Клара Жантөреқызы «Қазақстан педагогикасы», «Ұлттық педагогика» және «Қазақ этнопедагогикасы» ұғымдарына анықтама береді. «Қазақстан педагогикасын тек қана «қазақтың педагогикасы» деп атауға болмайды, себебі ол республиканың барлық ғалым-педагогтарының іс-әрекетінің нәтижесі болып саналады. «Ұлттық педагогика» қазақстандық ұлт пен нақты этносқа тән, нақты айтқанда, қазақ этносына тән оның тәрбиеге деген көзқарасы, жалпы мен ерекшенің диалектикалық бірлігі болып табылады. «Қазақ этнопедагогикасы» қазақ философиясы, этнопсихология, этникалық мәдениет, этнографияның түйісуінде қалыптасқан кіріктірілген білім саласы, педагогика ғылымының құрамдас бөлігі болады. Зерттеу пәні: отбасында, білім беру мекемелерінде өмір бойы үздіксіз жүзеге асырылатын қазақтың этникалық тәрбие жүйесі» деп атап көрсетеді.

Ерен еңбегінің нәтижесін көрген К.Қожахметова 1993 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент атанып, 1998 жылы педагогика ғылымдарының докторы, профессор атағын иеленеді. Бұның сыртында, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі (1996 ж), Ы.Алтынсарин атындағы сыйлықтың иегері (2006 ж) болғаны да үлкен мәртебе. Клара Жантөреқызы өмірінің соңында Мәскеу қаласында академик атағын қорғап келгенімен, бұл хабар Алматыға өзі 2014 жылы 14 желтоқсанда дүниеден озғаннан соң ғана жеткен еді.

 

Рахымова Қалампыр Рахымқызы

             Домбырашы, әнші, термеші Қалампыр Рахымқызы Рахымова 1949 жылы 1 қаңтарда қазіргі Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылына қарасты Соркөл деген елді мекенде дүниеге келген.

            Бастауыш мектепті Соркөлде оқиды, әрі қарай оқуын Лубен сегіз жылдық мектебінде жалғастырып,  1966 жылы мектепті бітіреді. Жасынан әншілікпен көзге түскен Қалампырды Алмаз ауылына клуб меңгерушісі етіп тағайындайды. Кішкентайынан әнге, домбыраға құмар өскен ол ауылдағы өнерге жақын адамдарды домбыраға үйретеді. Жиын-тойларда, жастардың бас қосқан ортасында ән салып, көпшіліктің құрметіне бөленеді.

            Ғарифолла Құрманғалиев ел аралап концерт қойып, гастрольдік сапармен Шыңғырлау ауданына келеді. Ел құрметтеп, дастарқан жайып, қонаққа шақырады. Осындай жиындарда тағы да ән салуын өтінеді. Әнші шаршағанын, көңіл күйінің жоқтығын айтады. Содан соң көпшіліктің өтініші бойынша Қалампыр ән шырқайды. Қалампыр бірнеше ән айтады, әсем де зор дауысына, домбыра қағысына риза болған әнші оны өз мектебіне шақырады.

             1967 жылы маусым айында Қалампыр Алматыға келеді. Эстрадалық студияда оқып, Ғарифолла Құрманғалиевтің класы бойынша бітіреді. 1969 жылы «Гүлдер» ансамбліне әнші болып қабылданады. (1974 жылы тұрмыс құрады.) Әншінің репертуарында 100-ден астам халық әндері мен термелері болған. Атап айтсақ: Мұхиттың «Айнамкөзі», «Зәуреш», «Кіші айдай» т.б. Ғарифолланың әндері, Махамбеттің термелері, Сағымқожаның, Естайдың және басқа да халық композиторларының әндері. Ол  барлық ғұмырында қазақтың әнін, домбырасын өзге мемлекеттерге танытты, танытып қана қойған жоқ, халық әндерінің құдіретін өзге ұлттарға мойындата

білді. 1971 жылы Мәскеуде өткен халықаралық музыкалық симпозиумға қатысты. Гастрольдік сапармен ТМД елдерінде: Англия, Жапония, Бельгия, Малайзия, Польша, Пакистан, Сингапур, Финляндия, Португалия мемлекеттерінде ән салып, зор ықыласқа бөленді.

            1988 жылдың қараша айында өзінің туған өлкесі Орал өңірінде гастрольдік сапармен жүргенде жол апатынан қаза тапты. Туған жері Алмаз ауылындағы басты көшеге әншінің есімі берілді. Алмаз ауылында әншінің Жаманов Қалқаман, Жаманова Жаңыл деген бауырлары тұрады. Олар да өнерден құр алақан емес. Ауыл, аудан сахнасында ән салып, домбыра тартып, халықтың құрметіне бөленуде. Қалампыр Рахымқызы - ҚР еңбек сіңірген әртісі.

 

 Орынбай Дүйсен Кәріғұлұлы

             Орынбай Кәріғұлұлы Дүйсен белгілі күйші-домбырашы, білікті өнер зерттеушісі, ұлағатты ұстаз. 1951 жылы дүниеге келген. Балалық шағы Шыңғырлау ауданына қарасты Қаратал, Қуағаш, Баянас, Қалдығайты дейтін жерлерінде өтіп, сол өңірдегі қалыптасқан күйшілік өнерді көкірегіне сіңіріп өскен. Әкесі Кәріғұлдың әжептәуір әншілігі болған. Ол үш жасынан өнерге бейімі байқалып, оқтауды домбыра қылып әуестеніпті. Мұны көрген әкесі ағаштан шауып шағын домбыра жасап берген. «Болар бала» бесікке қараған шағында әлгі домбырада көптеген ән-күйді еркін  ойнайтын дәрежеге жетеді. Алғашқы ұстазы Ізтай Нагиев кісі дарынды жастың өнерде қанатының қатаюына көп еңбек сіңірген. Орынбайдың күйші боп қалыптасуына толымды үлес қосқан тағы бір жан – әкесі Әжібайдың ұрпағы Мәдімхан. Ол кезде ауылға үлкен қалалардан өнерпаздар жиі келген. Сол қонақжай Мәдімхан шаңырағынан дәм татпай кетпейді екен. Қаршадай баланың домбыра қағысынан-ақ келешек кемел күйшіні тап басып танығандары Оынбайды алып кетіп, оқытуға күш салған. Ол қабілетінің арқасында өз бетімен сырнай, гитара тартуды да үйреніп алады. Ансамбль  құрамында бірнеше мәрте аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегері болып, желкілдеп жүрген жас жігіт 1969 жылы әскерге шақырылып, 1971 жылы елге оралған. 1973 жылы  ағасы Амантай 22 жасар Орынбайды жетектеп Алматыға апарып, өнер студиясына түсіріп қайтқан.  Елге келген бір сапарында балғын күйшінің аяқ алысына таңданып кеткен әйгілі Ғарекеннің өзі оған қамқор болған. Алматыдағы қазақ эстрада студиясын 1975 жылы бітіріп шыққан соң Алматы консерваториясына оқуға түсіп, «қызыл дипломға» бітіріп сонда ұстаздық қызметке қалдырылған. Оқу орны қабырғасында жүрген кезінде-ақ ғұлама дирижер Ш.Қажғалиев жетекшілік еткен Қазақ мемлекеттік ұлт-аспаптар оркестрінде  белгілі күйші Тұяқ Шәмеловпен бірге өнер көрсеткен.  1982 жылы  Құбыш Мұхитовтың класын бітіріп шығады. Мұнан кейінгі өмірін музыкалық оқу орындарында ұстаздық, өнер зерттеушілік жұмыстарына арнап келген. 1983 жылы Бірінші Республикалық Құрманғазы атындағы  конкурстың лауреаты атанған. Күйшілік өнер туралы жазылған бірнеше оқулықтың авторы. Т.Мерғалиев.    С. Бүркіт сияқты зерттеушілермен бірлесіп жазған «Қазақ күйлерінің тарихы» атты толымды еңбегін өнер сүйер қауым жылы қабылдаған. Оның өзі шығарған күйлері 1984 жылы жеке күйтабақ болып жарыққа шыққан.

            Орынбай Дүйсен бүгінде Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық музыка академиясының  профессоры. Отыздан астам шәкірттерінің ішінде үлкен байқаулардың лауреаттары олар: Т.Әліпбаев - ҚР еңбегі сіңген әртіс, М.Анашаев - халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Е.Сапуанов-ХХІІІ республикалық жас орындаушылар байқауында 1-ші орын иленген және т.б. Орынбай Кәріғұлұлы - Қазақстандағы дәстүрлі жеті күй орындаушылық мектебінің жетеуін де жеріне жеткізе меңгерген. Репертуарында 300-ден астам күй, соның ішінде өзінің 15-тей шығармасы бар. Бірнеше әдістемелік жинақтардың және алты кітаптың авторы.  Орынбай Кәріғұлұлы Дүйсеннің күйлері: «Толғау», «Ұлы көш», «Құлагер», «Үш қиян», «Жетісу», « Сағат», «Балдырған», «Сыбызғы күй» .

Жанұясында жұбайы Сәуле Қазекенқызы өзімен бірге академияда сабақ береді. Ұл қыздары Ордабек, Дина, Ілияс, бірі - скрипкашы, бірі - пианист, халықаралық байқаулардың  лауреаттары.

 

Жангелдиев Төлеген Шоматұлы

             Шыңғырлау ауданының тумасы Төлеген Шоматұлы Жангелдиев 1951 жылы 31 тамызда Орал облысы Шыңғырлау ауданы Қотантал ауылында дүниеге келген.

            1979 жылы Алматы театр-көркемөнер институтының театр факультетін бітірген.

Кино және драма актері Қадыр Мырзалиевтің «Жаралы жолбарыс» екі бөлімді драмасында Махамбет ролінде, Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясында Сырым ролін, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қойылымында Қозы ролін сомдаған.

            Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Атырау драма театрының белді актері Төлеген Жангелдиевтің 60 жылдық мерейтойына орай «Шырмауық астындағы шырғалаңның» спектаклі қойылды. Мерейтой кеші үлкен сахна шеберінің көрермендерінің алдында берген абыройлы есебі болды. 2012 жылдың 28 қаңтарындағы сол алғашқы  премьерада спектакль жоғары деңгейде жүргені, сахна шебері Т.Жангелдиевтің Эфраим шалдың бейнесін барынша шебер сомдап, ашқаны туралы облыстық газетте атап көрсетілген. Театрға 1979 жылы келген Т.Жангелдиев Қозы Көрпеш, Махамбет, Сырым, Исатай, тағы да басқа көптеген күрделі рольдерді сомдап, халыққа үлкен талантын танытса, режиссер ретінде де спектакльдер қойды. «90-жылдардағы өте қиын кезде де, ұзақ жылдар күрделі жөндеу жүріп, біз сахнасыз қалғанда да театрдан кетпедім. Өйткені өмірімді сахнасыз елестете алмаймын» деп ағынан жарылған сахна шеберінің актерлік талантымен қатар ұйымдастырушылық, ұстаздық қырларына да жақсы баға берілді. Ол 1996 жылы Кіші өнер академиясында, 2012 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанындағы жоғары актерлік курста актерлер дайындап шығарса, бүгінде Д.Нұрпейісова атындағы колледжде актерлік бөлімнің ашылуына мұрындық болып, сабақ беріп келеді. Бұл санаткерлік еңбек өз жемісін беріп, ол дайындаған мамандар қазір театрда табысты еңбек етіп жүр.

            Қазақстан театр қайраткерлері Одағының мүшесі Төлеген Жангелдиев 2006 жылы 10 шілдеде «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталып, 2007 жылғы желтоқсанның 7-дегі Жарлық бойынша «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

 

Темірғали Қайрат Сапаұлы

             Ақын-сазгер Темірғали Қайрат Сапаұлы Елек өзенінің жағасында 3 қыркүйекте 1962 жылы БҚО Шыңғырлау ауданы, Жаңакүш ауылында дүниеге келген. Ақжайықтың сұлу да, нулы өлкесі Шыңғырлаудың тумасы, сонау Қобдадан бастау алып, Елек өзенің әнге қосатын. Әріректе, Ащылытоғай мен Жіңішке жағасында жалаңаяқ құм кешіп, оның суына шомылған ақын-сазгердің туған жері, қасиеті тұнған жер. Өйткені, жылқы мен қой, ірі қара өсірген ауылдың тіршілігі тәтті болатын. Қасиеттілігі сол, туған өңірі өнерпаз өрендерге толы еді. Солардан тәлім-тәрбие алып өсті. Қайрат Темірғалидың ақындық пен сазгерлікті жанына серік  етуінің сыры да осында. Өлеңді 12 жасынан жаза бастайды. Оның Отанға, туған жерге деген сүйінішпеншілігі әр өлеңдерінде байқалып тұр.

            Қайрат Темірғали  Шилі мектеп-интернатында 6 сыныпқа дейін оқып, 7-8 сыныпты Жаңакүш мектебінде оқиды, 8 сыныптан соң Шыңғырлаудағы №87 кәсіптік-техникалық училищеде, автокран мамандығы бойынша білім алады.

1980-1983 жылдары әскерде Қара Теңізде корабльде теңізші болып әскери борышын өтейді.

            Әскерден оралған соң Ақсай қаласында автокранда жұмыс жасайды. 15 жыл Ақсай қаласында тұрып, одан соң Ақтөбе қаласына қоныс аударып, бүгін де Астана қаласында тұрады.

            50-ден астам ән жазып, солардың  жартысына өзі сөздерін жазған, көбі белгілі ақындардың Ф.Оңғарсынова, М.Мақатаев. Қ.Мырзалиев, М.Шахановтың сөздеріне жазылған. Бірнеше байқаулардың лауреаты, соның ішінде республикалық «Әскери әндер» радиофестивалінің лауреаты. 2009 Астана қаласындағы Конгрессхолда өзінің шығармашылық  концертін берген. Елордасы Астана қаласында өткен үлкен шығармашылық концерт сазгердің туған өлкесі Шыңғырлауда, Орал қаласында әдемі ән кештерімен жалғасын табады. Сазгердің еліне келген әр сапары, туған жеріне деген махаббаты, сағынышы Шыңғырлауға арналған бірнеше әндердің дүниеге келуіне арқау болды. Солардың бірі жергілікті ақын Қаршыға Елемесовтың сөзіне жазылған «Шыңғырлау вальсі» Сансызбай Сұлтанғалиевтің орындауындағы жерлестерінің сүйікті әндерінің біріне айналды. Бүгінде көптеген өнер адамдарымен, ақындармен шығармашылық байланыста, олар: алматылық ақын-композитор Ерқожа Тілепбердиев, Мұхтар Шаханов, ақын Сайлау Байболсын т.б.

 

Дүйсен Арман Нариманұлы

             Арман Дүйсен Шыңғырлау ауданының тумасы, әнші-сазгер, тележүргізуші 1974 жылы 4 мамырда дүниеге келген. Әкесі саксофоншы, дирижер, композитор – Нариман Жұмағалиұлы Дүйсенов. «Ақжайық», «Бипыл» ансамбльдерінің негізін қалаушылардың бірі болған. Анасы Қойсан Кәрімқызы Дүйсенова – дәстүрлі әнші, Ғарифолла Құрманғалиев мектебінің өкілі әрі шебер күйші болған. Екеуі де кезінде Мәскеу, Норвегияның Осло қалаларына дейін барып өнер көрсеткен өнерпаздар.

            Арман Дүйсен әжесі Қараш Бөлекбайқызының тәрбиесінде болып, бала кезінен қазақтың жыр-дастандарын тыңдап өскен. Жастайынан музыкаға  жақын болған Арман Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепте білім алады. 1997 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық консерваторияны, аспирантураны аяқтап, жоғарғы оқу орнында ұстаздық етеді. Арман Дүйсен дирижер болып қызмет еткен. «Хабар» агентігінде 13 жыл бойы продюсер қызметін атқарады. 2015 жылы «Гүлдер» ансамблінің жетекшілік директоры қызметіне тағайындалады. Бұл міндетті өзі: «Гүлдер» ансамблінің директоры болу - мен үшін үлкен абырой, мақтаныш,-дейді, - және жауапкершілікті талап етеді. Өйткені алдынғы буын өкілдері, біздің ұстаздарымыздың тапсырған аманатты аман-есен болашаққа жеткізу- біздің үлкен парызымыз деп санаймын».

            Арман Нариманұлы көптеген  әндердің авторы, бүгінде өзінің шәкірттері де аз емес. Өзінің өмірлік ұстанымын «Мен салт-дәстүрді бағалайтын, жүрегі қазақ деп соғатын азаматпын» - дейді Арман өзінің бір сұхбатында. Қазақтың өнер саласына қосқан үлесі үшін 2018 жылы Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері атанды.

 

Хамитов Дидар Төлеухайырұлы

 Белгісіз соғыстың бел ортасында жүрген қандастарымыздың қаншамасы туған елге орала алмай, сүйектері Ауған деген жат жерде қалды. Солардың бірі Дидар Хамитов.

Қатардағы жауынгер Дидар Төлеухайырұлы 1961 жылы 2 ақпанда Шыңғырлау ауданының Шыңғырлау ауылында дүниеге келген. Дидар кішкене кезінен байсалды, байыпты қылығымен көзге түскенді. Нәзік бала көңілі әкесі Төлеухайыр сипаттап, әңгіме етуден жалықпайтын қазақтың батыр ұлдары Наурызбай, Бөгенбайдай болуды армандаудан танбайтын. Ешқашан қамшы салдырмай үй шаруасын тап-тұйнақтай етіп, сабақты да терең меңгеріп, қоғамдық жұмыстың да бел ортасында жүрген. Орта мектепті аяқтағаннан кейін аудандағы ДОССАФ-қа құжат тапсырып, арнаулы курс бітіріп, жүргізуші куәлігін алып шығады. Алайда жас жігітке машина ролін құмары қанғанша айналдыруға мүмкіндікте те болмай, 1979 жылдың 11 мамырында КСРО Қарулы Күштер қатарына шақырылады. Әскер қатарындағы үздіксіз жаттығулар, оқулар Дидарды ширата түседі. Қысқа уақыт ішінде әскери жүргізуші білуге тиісті барлық талаптың үдесінен шығып, ең үздік мамандардың бірінен саналады. 1979 жылдың желтоқсан айынан Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында көлік жүргізушісі қызметін атқарады. 1980 жылдың 19 маусымында Дидар айдаған көлік өзге де машиналармен бірге бомбаның астында қалып, сол жолы көптеген жанның өмірі қиылыпты. «Ауғанстанның разы халықтарынан», «Интернационал – жауынгер» медальдары мен қаза тапқаннан кейін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. КСРО Жоғарғы Президиумының Құрмет грамотасын иеленген.      

Өскелең жас ұрпаққа ерлік ісімен, Отанға деген адалдығымен үлгі көрсеткен Дидар Хамитовтың атына аудан орталығындағы көшелердің біріне есімі беріліп, өзі оқыған мектеп ұжымы, ауылдастары жыл сайын құрметпен еске алады. Оған орнатылған ескерткіш бейнесі тұғырына гүл шоқтарын қойып, еске алу кештерін, мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырып отырады.

 

Каймульдиев Радик Бақтыкерейұлы

 Радик Каймульдиев 1975 жылы 6 мамыр күні Шыңғырлау ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Шыңғырлау орта мектебінің табалдырығын аттап, тоғызыншы сыныпты аяқтағаннан кейін 1990-1993 жылдары Шыңғырлау ауылындағы №7 мамандырылған техникалық училищесінде білім алады. 1993 жылдың 8 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарына шақырылып, әскери борышын Шымкент қаласындағы №5485 әскери бөлімінде өтейді. 1995 жылдың 3 наурызынан тәжік-ауған шекарасында қызмет етеді. Жасөспірім шағында әскер қатарына алынып, сол кездегі отты ошақ тәжік-ауған шекарасына аттанған жас сарбаз, сержант Радик Бақтыкерейұлы туған топырақты қайта баса алмады, жазмыш бұйырған ғұмыр қанды ұрыстың бірінде келте қиылды. Табытпен оралған қыршын жас туған жер құшағына 12 сәуір күні жерленді.

            1995 жылдың 7 сәуірінде тәжік-ауған шекарасында Пяндж өзені бойымен орналасқан тау жолымен жүк алып келе жатқан автомашина колоннасын Пшихавр шатқалында Ауғанстан жағынан моджахедтер оқ астына алады. Бораған оққа қарсы тұрған қиян-кескі шайқаста 17 сарбаз қаза тапты және отыз үші әртүрлі дене жарақатын алды. Соққыға батыл тойтарыс берілді. Тәжік-ауған шекарасында жүріп жатқан ымырасыз соғыста өз Отанымыздың шекарасын қорғау үшін қазақстандық жауынгерлер табан тірескен шайқаста ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен еді. Пшихавр шатқалында өлермендікпен ұрыс салған «сақалдыларды» селт етпей қарсылап алып, соңғы демі қалғанша қарсылық көрсеткен жерлесіміз Радик Каймульдиевтің есімі тарих парағында мәңгілікке жазылып қалған еді.

 

Ишекенов Еділ Хамидоллаұлы

 1969 жылы дүниеге келген. Бокспен 1978 жылы айналыса бастаған. Спортта жеңіске жетелеген алғашқы бапкері А.И.Пятин (Шыңғырлау), ҚР еңбек сіңірген бапкер А.А.Драч. (Ақтау) және СССР еңбек сіңірген бапкер А.В.Зимин (Санкт-Петербург).

Еділ Ишекеновтің спорттағы жетістіктері өте мол, соның ішінде 1981 жылы Ақтөбе облысының жеңімпазы, 1981 жылы Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығына орай халықаралық турнирден 1 орын,

1982 жылы Қаз.ССР-ның біріншілігі, Қостанай қаласы, күміс жүлдегер,

1982 жылы Орал облысының чемпионы,

1983 жылы Халықаралық турнир, «Орскпромстрой» сыйлығының жеңімпазы «Локомотив» турнирінің жеңімпазы, 1984 жылы Халықаралық жеңімпаз, Ишимбай қаласы (Башқұртстан), Облыс чемпионы

1985 жылы Бүкіл Қазақстандық спорттық жастар ойынының жеңімпазы, Гурьев қаласы,

1985 жылы Халықаралық турнир Советтік Конституция күніне арналған Халықаралық турнир, III орын Сумгаит қаласы,

1985 жылы Дмитровград қаласы 1 орын, Орал облысының чемпионы,

1986 жылы  жастар арасындағы кәсіподақ ВСДСО жеңімпазы, Владимир қаласы, СКПФ  Лесгафта атағына ашық біріншілік 1 орын, Ленинград қаласы,

1987 жылы «Советская Литва» газетінің жүлдесіне халықаралық турнир, қола жүлдегер Каунас қаласы,

22 жасқа дейінгі жастар арасындағы  СССР біріншілігі II орын Ленинград қаласы,

1988 жылы Ленинград  кубогы 2 орын Ленинград қаласы.

Еділ ең мықты 10 боксшының қатарына енді. 1989 жылы Фрунзе қаласында өткен  осы СССР чемпионатына қатысушы, осы жылы Болгарияның Пловдив қаласында Халықаралық турнирдан 1 орын, Ленинград қаласында әскери қоғамының чемпионы болды.

 

 

                                                         

 

Жемчужины фонда

Продажа билетов

Архив

Апрель 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 1 2 3 4 5

Схема проезда

Социальные сети

       

Copyright © 2011-2019. Западно-Казахстанский областной историко-краеведческий музей