Мұстафа Ысмағұлов – зерттеуші, ғалым

Қазақ елінің тарихына қатысты мағлұматтардың басым бөлігі деректей және қолжазба түрінде сақталынып, біздің дәуірімізге жеткені баршамызға мәлім. Бұған, әрине, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының ел сөзін жинастырып, баспасөз беттерінде жарияланған еңбектері үлкен үлес қосты. Өз ұлтының тарихын терең тануға ұмтылған зерделі жандар қолдарына түскен кез келген деректі қағазға түсіріп, баспа бетіне жариялауды мақсат тұтты. Олар қариялардан естігендерін, басылып шыққан кітаптардан көшіргендерін, өзара бір-бірінің қолжазбаларынан жазып алғандарын кейінгі буын өкілдеріне, ұрпақтарына аманат қып тапсырып отырған. Мұның өзі тарихи мәліметтердің ұмытылмауына, жойылмауына, анағұрлым мол сақталуына себеп болды.

Қамшының сабындай осынау қысқа ғұмырда төл әдебиетіміз бен өнерімізге инемен құдық қазғандай еңбек сіңірген, бірақ көзінің тірісінде маңдай терінің зейнетін көре алмай дүниеден өткен аяулы азаматтардың бірі әрі бірегейі Мұстафа Ысмағұлов болатын.

Зерттеуші-ғалым қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысы бар-ау деген көптеген қалаларда іс сапарларда болып, сол қалалардағы архивтерден халқымыздың тарихына қатысы бар деген деректерді жинақтап, соңында кейінгі толқын жас ғалымдарға біраз жыл азық боларлық мол мұра қалдырды. Ол Батыс Қазақстан өлкесінің өткен кезеңдері, тарихи тұлғалары туралы құнды-құнды деректерді, архивтік материалдар мен фотосуреттерді, 120 күйдің пленкасы мен Махамбет пен Дальдің достығы туралы жазылып бітпей қалған романның қолжазбасын, түркі, араб, парсы тілінде жазылған көне кітаптар туралы мәліметтерді Астрахан, Москва, Ленинград, Саратов, Омбы, Орынбор архивтерінен тырнақтап жинаған.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры құнды деректер мен қолжазбаларға өте бай. Солардың бірі – халық мұраларын жинаушы, зерттеуші-ғалым Ысмағұлов Мұстафа Шәмбілұлының қолжазбалары мен деректері. Бүгінде мұндай зерттеуші-ғалымның барын біреу білсе, біреу білмесі анық. Бұл мақаланы жазуымыздың өзі осындай зерттеушінің бар екендігін халыққа паш ету.

М. Ысмағұлов 1914 жылы 7 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылдық кеңесінің Свердлов атындағы (бұрынғы К. Маркс) кеңшарында кедей отбасында дүниеге келген. 1930 жылы бастауыш мектепті аяқтап, сол жылдың тамыз айында Қазақ орман техникумына түседі. Оқу барысында денсаулығына байланысты I курсын ғана тәмамдап, одан әрі оқуын тастайды. Денсаулығы қалпына келгеннен кейін Қызылорда сауда техникумына түсіп, аталмыш оқу орнын 1934 ж. қыркүйегінде есепші-бухгалтер мамандығы бойынша аяқтайды.

1934 ж. қыркүйегінде Қазақ Өлкелік комитеті комсомолының шешімі бойынша Қызылорда ҚР БЛКЖО-мен Балқаш өңірі құрылысы жұмысына шақырылып, онда бастапқыда есепші, кейін сельхозкомбинаттың материалдық бөлігі бойынша бухгалтер қызметін атқарып жүрген жерден 1935 жылдың қыркүйек айында Балқаш ҚР БЛКЖО(Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы) кері шақыртып, істерді басқарушы етіп тағайындайды.

1936 ж. қазанында Тынық мұхит флотының кадрлығы жедел қызметіне шақыртылып, онда Владивосток қаласы маңындағы авиамектепте 120-шы авиабригадада оқып, одан денсаулығының жарамсыздығына байланысты 1937 ж. қыркүйегінде шығып кеткен. 1937 ж. желтоқсанынан 1939 ж. қараша айына дейін Қарағанды облысының Кеңесі төрағасының міндетін атқарушы болып қызмет атқарды.

МҚК(Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті) органынан босаған соң өз білімін толықтыру үшін Қаз.МУ-ң журналистика бөліміне түсіп, 1960 жылы аяқтады. Қаз. МУ-ін 4 курсқа дейін кешкі бөлімде, ал 4 курста сырттай бөлімге ауысады.

Қазақстан ҒА-ның Философия және құқық институтында 1957 ж. шілде айынан бастап жұмыс істеді. Ол Батыс Қазақстан өлкесінің өткен кезеңдері, тарихи тұлғалары туралы құнды деректер жинаған. Әсіресе, Боғда, Еспай, Сейтек, Зәмзәм Есжанова, т.б. күйлерін таспаға жаздырған. 1982 жылдан Махамбеттің «Шашақты найза, шалқар күй» атты жинағын шығаруға атсалысты және оның домбырасын тауып, республикалық халық аспаптары музейіне тапсырды. Осыған орай артында қалдырған көптеген архивтік материалдары, монографиялық еңбектері, ғылыми тұжырымдамалары, деректердің дәлдігі мен тереңдігі, тақырып жүйелігі осынау жанды зерттеуші ғалымдардың қатарына енгізеді.

М. Ысмағұловтың өзіндік тума ерекшелігі – қайтпас қайсарлығы мен мойымас жігерлілігі ұзақ уақыт бойы алған бетінен қайтпай, зерделеген, зерттеп жазғандарының дәлелдеуге бар ғұмырын жұмсағанынан көруге болады. Мұны әр жылдарда тиісті жоғары органдарға жолдаған хаттары тағы да дәлелдей түседі. Хаттардың мазмұны да, онда көтерген мәселелері де алуан түрлі: бірі – жылдар бойы елеусіз қалып, әлі күнге дейін бағасын ала алмай келген қоғам қайраткерінің тағдырына қатысты болса, екіншісі - әлдебір білгіштің кесірінен аяусыз бұрмаланып, «түзетуге» «өңдеуге» ұшыраған Махамбеттің семсер жырларына араша түседі. Халық өнері мен әдебиетінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған әлгіндей хаттар М. Ысмағұловтың архивінде баршылық.

М. Ысмағұлов қазақтың тұңғыш заңгері Бақытжан Қаратаев, алғашқы қазақ журналистерінің бірі Елеусін Бұйрин, ойшыл ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараш туралы зерттеп, зерделеді. Аталмыш тұлғаларды зерттеген М. Ысмағұловтың деректері мен қолжазбалары Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы. Зерттеуші деректері мен қолжазбаларында Бөкей Ордасынан шыққан қазақ оқығандарының ішіндегі елеулі, ірі тұлға – Ғабдолғазиз Мұсағалиев (1880-1933ж.ж.) жайлы тереңірек қарастырған. Бұл тарихи тұлға туралы толығырақ алдағы мақалаларымызда жан-жақты таныстыратын боламыз.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі экспозиция бөлімінің маманы Сисенбаева Р.Ж.

Жемчужины фонда

Продажа билетов

Архив

Март 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
26 27 28 29 1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Схема проезда

Социальные сети

       

Copyright © 2011-2019. Западно-Казахстанский областной историко-краеведческий музей